Референдумға дейін:
3
күн
8
сағат
16
минут

Жоғалған отбасы: күдікті мәйіттерді өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көміп кеткен

Марқұмдардың туысы жағдайға қатысты пікір білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы мүшелеріне қатысты тың деректер шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев алдымен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген. Кейіннен ата-енесін, сосын Мейрамгүл Қарабалинаның өмірін қиған. Белгілі болғандай, қаскөй қанды қылмысты алдын ала жоспарлап, мәйіттерді өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көміп, барлық қан ізін жасырған.

Кешелі бері қаралы хабарды естіген марқұмның туыстары ала таңмен мәйітхана алдына жиналды. Жақындары соңына дейін Наурыз бен Мейрамгүлдің тірі екеніне сенген. Арнайы сараптамадан соң, қос бауырдың денесін ағайындары Жангелдин ауылына әкетіп, жер қойнына тапсырмақ.

«Оңай тиген жоқ. Бәлкім, тірі шығар деп үміттеніп ек. Сүйегі табылды деп естігенде есеңгіреп қалдық. Сабыр еткеннен басқа қолдан келер шама жоқ. Ауылдағы әке-шешесінің қасында жерлейміз», – деді марқұмдардың туысы Шалқар Мұқанғалиев.

Бүгін құзырлы органдар күдіктілердің Индонезиядан Алматыға қалай жеткізілгенін көрсетті. Олар Қазақстанға 8 наурызда экстрадицияланған. Тексеру кезінде ұсталғандардан марқұмдардың банк карточкалары мен төлқұжаттары алынған. Ал кеше күдіктілер Атырауға әкелініпті. Сондай-ақ министрлік таратқан видеода полицейлердің марқұм Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мүрдесін қазып алып жатқан сәті көрсетілген. Күйеу бала мәйіттерді Мұнайшы ықшамауданындағы өздері жалдап тұрған пәтердің іргесіне көмген. Сүйектердің қайда жатқанын күдіктінің өзі айтқан. Белгілі болғандай Сұлтан Сәрсемалиев ата-енесі мен қос бауырды өлтіру үшін алдын ала жоспар құрып, барлық айғақ-дәлелдің ізін жасырмақ болған. Ол кінәсін толық мойындапты. Ал оның бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Психикалық жағдайын анықтау мақсатында оған арнайы сараптама тағайындалып, медициналық мекемеге жеткізілді.

«Ішкі істер министрлігі Индонезия Республикасының әріптестерімен бірлесе отырып Атырау облысында отбасын өлтірген күдіктіні ұстады. Ол Қазақстанға жеткізіліп, қамауға алынды. Жедел тергеу шаралары нәтижесінде қаза тапқандардың мәйіттері табылды. Күдікті кінәсін толық мойындады. Қылмыстық іс екі немесе одан да көп адамдарды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Полицияның дерегінше, Сұлтан Сәрсемалиевтың мұндай асқан жауыздыққа баруына ұзақ мерзімге ұласқан отбасылық-тұрмыстық дау себеп болған. Қазір марқұмдардың денесін тану үшін сараптама тағайындалыпты. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салсақ, дүйім елдің жағасын ұстатқан оқиға былтыр желтоқсанда болған. Ерлі-зайыпты зейнеткерлердің денесі өз үйінің ауласындағы сарайдан 6 қаңтарда табылған.

Жұлдыз Қайратқызы

Оқи отырыңыз: Таразда жолаушы автобус жүргізушісін пышақтап тастаған

Новости партнеров