Жоғалған отбасы: күйеу баласы ғана емес, қызы да күдікті ретінде Индонезияда ұсталды

25.02.2026 13:24

Оларды елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр

Атырау облысында жұмбақ күйде жоғалып кетіп, кейін мәйіттері табылған ерлі-зайыптының ісі бойынша күйеу баласы ғана емес, қызы да күдікке ілінді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол күдіктілердің Индонезияның Сенару ауылында ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Сөзінше, оларды елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр. Вице-министр аталған ел мен Қазақстан арасында қылмыскерлерді алдыру туралы келісім барын жеткізді. Ал сол отбасының із-түзсіз жоғалған екі баласын іздестіру әлі де жалғасып жатыр.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы белгісіз жағдайда жоғалып, кейіннен ерлі-зайыптының денесі үй ауласындағы сарайдан табылған болатын. Оларды өлтірді деген күдікке марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев ілініп, халықаралық іздеу жарияланған.

«Қазіргі таңда тергеу амалдары белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар қажетті сараптамалар тағайындалып, нақты тиісті шаралар өткізілуде. Халықаралық іздестіру жарияланған кезде интерпол қызметкерлері, Қазақстан полиция қызметкерлері бірлесіп арнайы топ құрып, нәтижесінде екі күдікті ұсталды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Оқи отырыңыз: Жоғалған отбасы: күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевтің балалары мемлекеттік қорғауға алынды