Жол ережесін бұзған көлік жүргізушілер емтиханды қайта тапсыруы мүмкін

Бас прокурор жүргізуші куәлігін беру процесін бақылауды күшейту керек екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді жол ережесін бұзған көлік жүргізушілеріне балл жазылуы әбден мүмкін. Егер азаматтың балы шекті деңгейге жетсе, құзырлы орган оны емтиханды қайта тапсыруға жібереді. Мұндай ұсыныс Бас прокурордың төрағалығымен өткен жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері туралы кеңесте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында Берік Асылов апатқа кінәлі жүргізушілердің 81 пайызы бұрын бірнеше рет жол қозғалысы ережелерін бұзып, жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сөзінше, бұл дерек жол-көлік оқиғаларының қайталану деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Бас прокурор бірқатар дерек те келтірді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны бір жылда 32 рет ереже бұзған. Ол 13 рет жылдамдықты асырыпты. Биыл 8 қаңтарда қарсы жолаққа шығып кетіп, салдарынан өзі және екі жолаушы қаза тапқан. Ал Алматыда бір адам соңғы екі жылда 72 рет жол ережесін бұзып, биыл 30 рет жауапкершілікке тартылған. Ол 30 тамызда жаяу жүргіншіні қағып кетіп, өмірін қиған. Сондықтан Бас прокурор жүргізуші куәлігін беру процесін бақылауды күшейту керек екенін атап өтті.

«Жүргізуші куәлігін беру процесін бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Жүргізуші куәлігін заңсыз алу жағдайлары – қоғам үшін қауіп төндіретін фактор. Бұдан бөлек, қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі – автомобиль жолдарында белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін рұқсатсыз шығу жолдарын, қиылыстарды салу. Ірі трассаларда осы талаптар сақталмайды», – деді ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.

Оқи отырыңыз: Алматыда Жексенбаев көшесіндегі қозғалыс шектеледі

Новости партнеров