Мектепке таситын автобус пен жедел жәрдем ауылға қатынауды доғарған
Павлодар облысында 4 бірдей ауылдың оқушылары білімді онлайн алуға мәжбүр. Өйткені, елдімекенде мектепке қатынайтын жол жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Павлодар облысындағы 4 бірдей елдімекен жұрты күн жылып, жер жұмсара бастағанда аяқтарына пакет киіп жүруге мәжбүр. Өйткені, үйлерінен негізгі жолға дейін шығатын көше лай-батпаққа айналып, адам тұрмақ көліктің қатынауы қиынға соғатын көрінеді. Қазір қараша темір тұлпарларын алысқа тастап, үйлеріне жаяу келетін болған. Ал мектепке таситын автобус пен жедел жәрдем ауылға қатынауды доғарған. Сондықтан балалар сабақты онлайн оқуға мәжбүр.
«Мектеп автобусы жүре алмаған соң онлайн оқуға көшті. Жедел жәрдем де жете алмайды. Ауылда қарттар көп, жуырда балалар ауырды. Түн ішінде жігіттер жиналып, жедел жәрдем көлігін трактормен сүйреп шығардық», - деді ауыл тұрғыны Наурызбек Үкішев.
Жолдың жоқтығынан көпшілік өлген малдың өлексесін де ауыл сыртына шығара алмаған. Сондықтан жұрт амалсыздан далаға тастауға мәжбүр. Тұрғындар бұлай жалғаса берсе, иіс ауаға таралып, дерт пайда болуы мүмкін деп алаңдайды.
Ауылдағы ағайын аталған мәселенің жыл сайын қайталанатынын айтады. Қыста қардың уақытылы шығарылмайды. Оның үстіне, бес ауылдан тұратын округке бар-жоғы 2 техника бөлінген.
«Техникадан бөлек, орталық су құбырын жүргізген кезде де құрылыс талаптары сақталмаған. Негізі, жолды қазғанда топырақты қабат-қабатымен дұрыс алып, кейін қайта сол ретімен көму керек. Ал мұнда бәрін араластырып тастаған. Соның кесірінен саз, балшық жоғарыға шығып, жаңбыр мен қар суымен араласып, жолды мүлдем батпаққа айналдырып жіберген. Соның кесірінен қазір халық зардап шегіп отыр», деді қоғам белсендісі Мейрам Имашев
Аталған мәселені аудан әкімдігі жақсы біледі. Жауаптылар биыл жөндеу жұмыстары басталады деп сендіріп отыр.
«Биыл жолға қиыршық тас төсеу көзделіп отыр. Қазір конкурс рәсімдері жүріп жатыр. Жұмыстар мамыр-маусым айларына жоспарланған. Бұл мақсатқа аудан бюджетінен 15 миллион теңге бөлінді. Қазір бірден асфальт төсеу мүмкін емес, себебі бұл ауылдарда 2-3 жыл бұрын су құбыры тартылған. Технология бойынша алдымен қиыршық тас төселіп, тек 3 жылдан кейін асфальт салуға болады», деді Ақтоғай ауданы Экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының м. а. Самат Секенов.
Тұрғындар жергілікті әкімдік өкілдерінің бос уәдесіне тойдық дейді. Сондықтан талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселемізге жоғарыдағылар құлақ түрсе екен деген тілегін жеткізді.
Диана Тұрлыбек, Әсия Серікова, Әділхан Мұталяпов, Павлодар облысынан
Оқи отырыңыз: Заңсыз сауда: Қазақстанда 500 мыңнан астам дәрі тәркіленді