Жолдағы қауіпсіздіктің 12 маңызды ережесі - ДСМ ескертеді
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол қауіпсіздігі әркімнің өзінен басталатынын ұмытпауы тиіс
Жол-көлік жарақаттануы — бүгінде әлем бойынша 5–29 жас аралығындағы балалар мен жастар өлімінің басты себептерінің бірі болып отыр. Жолдағы қауіпсіздік — бұл жай ғана ережелер жиынтығы емес, әрқайсымыздың күнделікті өміріміз бен денсаулығымызды сақтауға бағытталған жауапкершілігіміз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған ең маңызды қауіпсіздік талаптары мен пайдалы кеңестерді ұсынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
1. Жылдамдық сізден бұрын шешім қабылдайды
Жылдамдық неғұрлым төмен болса, қауіпті байқауға, дұрыс әрекет етуге және көлікті уақытылы тоқтатуға соғұрлым көп уақыт болады. Қауіпті байқаған бойда жылдамдықты азайтыңыз:
- Алысқа назар аударыңыз;
- Алдын ала жылдамдықты төмендетіңіз;
- Тоқтауға әрдайым дайын болыңыз.
Жаяу жүргіншілер көп жүретін аймақтарда, мектептер мен тұрғын үй құрылыстарының маңында ұсынылатын қауіпсіз жылдамдық — 30 км/сағ.
2. Жылдамдық шектеуі: шекті деңгей — басты мақсат емес
Орташа қозғалыс жылдамдығының бары-жоғы 1%-ға артуы адам өліміне әкеп соқтыратын ЖКО қаупін 4%-ға, ал ауыр зардаптарға әкелетін ЖКО қаупін 3%-ға арттырады.
ҚР Жол жүрісі қағидалары (ЖЖҚ) бойынша белгіленген жылдамдық режимдері:
- 60 км/сағ — Елді мекендердегі стандартты шектеу (жол белгілерімен өзгеше белгіленбесе, арнайы режим 90 км/сағ-тан аспауы тиіс);
- 50 км/сағ — Елді мекендердегі автобустар мен жүк автомобилі үшін;
- 30 км/сағ — Мектептер, балабақшалар, тұрғын үй құрылыстары мен жаяу жүргіншілер көп жүретін аймақтарда (3.24 белгісі бар жерде көрсетілген жылдамдықтан асыруға тыйым салынады). ДДСҰ мұндай аумақтарда дәл осы жылдамдықты ұсынады;
- 20 км/сағ — Тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында.
3. «Алдымен шыртыл, содан кейін жүру»: қауіпсіздік белдігі мен автокреслолар
Қозғалысты тек барлық жолаушылар қауіпсіздік белдігін таққаннан кейін ғана бастау керек. Қауіпсіздік белдігі автокөліктегі адамдардың өлім қаупін 50%-ға дейін төмендетеді.
ҚР Жол жүрісі қағидаларының (ЖЖҚ) талаптары:
- 12 жасқа дейінгі балалар: Арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғыларды (автокресло, бустер) пайдаланып қана тасымалдануы тиіс. Құрылғыны баланың бойы мен салмағына сәйкес таңдаған жөн.
- Алдыңғы орындықта: 12 жасқа дейінгі баланы тек арнайы ұстап тұратын құрылғы арқылы тасымалдауға рұқсат етіледі.
- Белдікті дұрыс тағу: Белдік иық пен кеуденің ортасынан, ал белдік бөлігі іштің үстімен емес, жамбас тұсынан өтуі тиіс.
- Нәрестелерге арналған кресло: Көліктің қозғалыс бағытына қарсы орнатылуы керек. Нәрестелерді ұстап тұратын құрылғылар өлім қаупін 71%-ға дейін азайтады.
4. Әрбір сапарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз
Көлікке отырғызарда баланың жасына және бойына сәйкес келетін арнайы орындықты таңдау маңызды.
Автокреслоны дұрыс бекіту және баланың белдігін тағу — жолдағы ең басты қорғаныс.
5. Мотоцикл, мопед және скутер жүргізушілеріне арналған ережелер
Мототехника жүргізушілері — жол қозғалысының ең осал қатысушыларының бірі.
- Шлемді әрдайым тағыңыз, ол бас жарақатының қаупін 42%-ға, ал өлім қаупін 69%-ға төмендетеді;
- Арнайы қорғаныс киімдері мен қолғаптарды пайдаланыңыз;
- Жолда маневр жасағанда бұрылу белгілерін алдын ала беріп, өзге жүргізушілерге анық көрінетін аймақта жүріңіз.
6. Жолда чатқа алаңдамаңыз
Телефон адам назарын бөледі, ал жол толық зейін қоюды талап етеді. 60 км/сағ жылдамдықпен қозғалғанда назардың 5 секундқа бөлiнуі — автокөліктің ~83 метрді (футбол алаңының ұзындығы дерлік) бақылаусыз жүріп өтуімен бірдей.
- Заң талабы: Қозғалыс кезінде телефон мен жүргізушінің назарын аударатын басқа да құрылғыларды пайдалануға тыйым салынады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады
Алаңдамаудың 5 қарапайым шешімі:
- Сапар алдында «Мазаламау» режимін қосыңыз.
- Сөйлесу үшін рұқсат етілген қауіпсіз жерде тоқтаңыз.
- Маңызды хабарламаларға қозғалысты бастамас бұрын жауап беріңіз.
- Навигатор мен музыканы алдын ала реттеп қойыңыз.
- Жолаушылардан қоңырауға немесе хабарламаға жауап беруді сұраңыз.
7. Мас күйде рөлге отырмаңыз!
Ішімдік пен есірткі заттары жүргізушінің реакциясын баяулатып, назар аудару қабілетін төмендетеді және қауіпті дұрыс бағалауға мүмкіндік бермейді. Мас күйде автокөлік басқару — өзіңіздің де, өзгелердің де өміріне тікелей қауіп төндіру.
8. Шаршаған кезде рөлге отырмаңыз
Ұйқышылдық пен шаршау — алкоголь сияқты қауіпті. Түнде немесе ұзақ жолда шаршау байқалса, тоқтап демалыңыз.
Қозғалыс кезінде әр 2 сағат сайын қысқаша үзіліс жасап тұру ұсынылады.
9. Жаяу жүргіншілер мен микромобильділік (самокат, велосипед)
Жаяу жүргіншілер мен микромобильділік өкілдері көшеде анық көрінетіндей және әрекеттері өзгелерге түсінікті болуы тиіс.
- Тоқтаңыз, қараңыз, өтіңіз: Жолдан өтер алдында тоқтап, жақындап келе жатқан көліктің жылдамдығын бағалаңыз. Солға, оңға және қайтадан солға қарап барып өтіңіз.
- Көзге көрінетіндей болыңыз: Ымыртта және қараңғы уақытта киімде жарық шағылыстыратын элементтерді пайдаланыңыз.
- Өтпелі жолдан өту: Самокат пен велосипедшілер жаяу жүргіншілер өткеліне жеткенде көліктен түсіп, оны жанына жетектеп өтуі тиіс.
- Қауіпсіздік жабдықтары: Шлем мен қорғаныс жабдықтарын кию — жарақат алу қаупін едәуір азайтады.
10. Жол инфрақұрылымы мен техникалық жағдай
Апаттардың алдын алу үшін көліктің техникалық жағдайын жүйелі түрде тексеріп отыру маңызды:
- Төтенше жағдайда тежегіш жүйесінің, шамдардың (фаралардың) және шиналардың күйін үнемі қадағалаңыз;
- Жол белгілері мен бағдаршам сигналына қатаң бағыныңыз.
11. Төтенше жағдайдағы бірінші көмек көрсету
Жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда тез әрі сабырмен әрекет ету қажет:
- Оқиға орнын қауіпсіздендіріп, апаттық тоқтау белгісін қойыңыз;
- Дереу жедел жәрдем мен полиция шақырыңыз;
- Алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін білу — зардап шеккен адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
12. Отбасылық челлендж: «Мектепке қауіпсіз жол»
Ата-ананың көрсеткен үлгісі — баланың басты бағдары. Баланы мектепке қауіпсіз қатынауға үйрету үшін мына 5 қадамды орындаңыз:
- Маршрутты бірге жүріп өтіңіз: Үйден мектепке дейінгі және кері қайту жолын баламен бірге жүріңіз.
- Қауіпті 3 жерді анықтаңыз: Ауладан шыға беріс, автотұрақ, өткел, қиылыс немесе көрінісі шектелген аймақтарды балаға көрсетіп түсіндіріңіз.
- Күнделікті әдетке айналдырыңыз: Баладан қауіпсіз әрекеттер ретін өз сөзімен түсіндіріп беруін сұраңыз.
- Видео түсіріңіз (30–45 сек): Қауіпсіз бағдарды қалай тексергеніңізді қысқаша таспаға түсіріңіз.
- Әлеуметтік желіде бөлісіңіз: Эстафетаны басқа отбасыларға жолдап, жауапкершілікті бірге арттырыңыз!
Төтенше жағдайда қоңырау шалу нөмірлері:
- 103 — Жедел медициналық көмек
- 109 / 112 — Төтенше жағдайлар қызметі
Қорғаныс барлығына ортақ екенін естен шығармаңыз.
Оқи отырыңыз: Сергек әрі зерек оқушы: баланың күнделікті ас мәзірін қалай дұрыс ұйымдастыру керек