Сыртқы істер министрлігі әйелдің қаза тапқаны туралы ақпаратты растап, марқұмның жақындарына көңіл айтты
Польшада жұмбақ жағдайда жоғалған отандасымыз Екатерина Шилованың мәйіті табылды. Сыртқы істер министрлігі әйелдің қаза тапқаны туралы ақпаратты растап, марқұмның жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алдын ала мәлімет бойынша, 43 жастағы әйел кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін. Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазды. Оның сөзінше, оқиғаға қатысты күдікке ілінген бір адам ұсталып, тергеліп жатыр. Қазір Екатерина Шилованың туыстары оның денесін елге жеткізуге тырысуда.
Еске салайық, шетелде еңбек етіп жүрген Екатеринамен байланыс ақпан айының соңында үзілген. Сол күні ол Варшавадан Астанаға ұшып келуге тиіс еді. Алайда әйел ұшаққа отырмаған. Кейін оның нөмірінен әпкесіне хабарлама келген. Онда марқұм Германиядан жақсы жұмыс тапқаны жайлы жазған көрінеді. Содан соң Екатеринамен байланыс мүлде үзілген
«Қаза тапқан азаматтың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан Республикасының Польшадағы елшілігі марқұмның отбасымен және туыстарымен, сондай-ақ поляк тарапының құзыретті органдарымен байланыста. Барлық консулдық-құқықтық мәселе, соның ішінде денесін елге тасымалдау бойынша қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», – делінген ҚР Сыртқы істер министірлігіның хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады