Қала тұрғыны тал түсте аурухана дәрігерін жұмыс орнында пышақтап тастаған
Жаңаөзенде қылмыскердің қолынан қаза тапқан 29 жастағы дәрігер туралы әріптестері пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Терапевт болып қызмет еткен Нұрдәулет Аманғалиев еңбек жолын 2024 жылы Жаңаөзен қаласындағы емханада кезекші дәрігер болып бастаған. Кейін көпбейінді ауруханаға жұмысқа орналасқан. Әріптестері марқұмның жұмысына адал, өте ұқыпты болғанын айтады.
«Жұмысына өте жауапты, өте ұқыпты, тілалғыш. Жас мамандардың арасында ерекше көзге түсіп, алғырлығын, білгірлігін көрсетіп «аға, мен сіздей болғым келеді» деп жүрген жас мамандардың бірі әрі бірегейі еді. Үміт күттірер жас дәрігерлердің бірі еді. Өкінішке орай осындай жағдай болды», – деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Марат Эдельханов.
Естеріңізге салсақ, Жаңаөзен қаласының тұрғыны тал түсте аурухана дәрігерін жұмыс орнында пышақтап тастаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға марқұмның кәсіби қызметіне қатысы жоқ, тұрмыстық жанжалдан туындаған. Куәгерлердің айтуынша, жанжалға қызғаныш себепті болуы мүмкін. Шабуыл жасаған ер адам мұнай саласында жұмыс істейді. Ал оның жұбайы осы ауруханада медбике қызметін атқарады. Қанды оқиғадан соң күдікті өз еркімен полиция бөліміне барып, жасаған ісін мойындаған. Ал полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.
Айта кетейік, қылмыскер дәрігердің денесіне 21 рет пышақ сұққан.
Оқи отырыңыз: Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген: Түркістан облысында үш полиция жұмыстан қуылды