Жығылғанға жұдырық: Семейде мердігер апатты үйдің қабырғасын қопарып тастады
Рұқсатсыз басталған құрылыс үш күннен соң тоқтап қалған
Семейде мердігер компания апатты үйді жөндейміз деп, қабырғасын қопарып тастаған. Рұқсатсыз басталған құрылыс үш күннен соң тоқтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі қабатты 18 пәтерлі үй 2 жыл бұрын апатты деп танылған. 1963 жылы салынған баспанада Күләш Еркенова жарты ғасырдан бері тұрады. Айтуынша, жұмысшылар тұрғындарды ескертпей, үйдің қасбетін жасай бастаған. Ауладағы ағаштарды кесіп, көршілердің қоршауын бұзыпты. Ең қызығы, қызу басталған шаруа үш күннен кейін тоқтап қалған. Тұрғындар қауіпсіздік үшін алаңдап отыр.
«Кешелі бері бәрін қайтадан бұза бастады. Тұрғындардың бірінші қабатын түгел жалаңаштап тастады ғой, қабырғалардың бәрі тесік-тесік болып қалды. Ертең қатты аяз басталса, әсіресе үйде тоңып отырған адамдар, тіпті қатып қалатын шығар. Бұл үйді сүруге дайындағанына 10 жылдан асып кетті. Негізі тоқсаныншы жылдары-ақ сүрілуі керек еді, бірақ тоқтатып қойды», – деді Семей қаласының тұрғыны Күләш Еркенова.
«Үйдің кірпішіне дейінгі қасбетін алып тастап, қайтадан сылағаннан пайда жоқ. Керісінше зиян келтіреді. Қирағалы тұрған үйді тесіп тастады. «Қорықпаңыздар, бәрі жақсы болады» деген еді. Міне, көріп тұрсыздар, бәрін қопарып, тастап кетті», – деді Семей қаласының тұрғыны Имастуи Горовая.
Тұрғындар тозған баспана кез келген сәтте опырылып кете ме деп қорқады. Өйткені ескі нысан 30 жыл бұрын апатты деп танылған. Содан бері баспана мәселесі шешімін таппай келеді.
«Жұмысшылар жоқ болып кетті. Естуімізше қала әкімдігі жұмысты тоқтатуды тапсырған. Сондай-ақ барлық материалдарды толықтай алып кетсін деген көрінеді. Енді олар осы материалдардың барлығын тиеп әкетуі мүмкін», – деді Семей қаласының тұрғыны Серікқали Бақтыбаев.
Ал жауаптылар қасбетті жаңарту жұмыстарының әкімдікпен келісілмегенін мәлімдеді. Сөздерінше, мердігер апатты баспананы өз қаражатына жөндемек болыпты.
«Мердігер ұйым өз ниетімен көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін жөндеуге ниет білдірген, әкімшілікпен келісім жүргізілмеген. Сондықтан жұмыс тоқтатылды. Шәкәрім көшесіндегі 113-үйі 2024 жылдың қазанында апаты деп танылған», – деді Семей қаласы Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Мадина Шарбақбаева.
Апатты деп танылған үй әкімдік балансында емес. Сондықтан жауаптылардың айтуынша, рұқсатсыз жұмыс бастаған мердігерге шара қолдану да қиын. Ал қабырғасы құлап, жан-жағы қопарылып тасталған үйді кімнің ретке келтіретіні және оның қашан жасалары әзірге белгісіз.
Динара Ерболқызы, Абай облысынан
Оқи отырыңыз: Инвестиция мен токенизация: Астанадағы халықаралық форумда ел экономикасына қаржы тарту жолдары қаралды