Жылқы жылында қазақтың рухы асқақтайды – нумеролог

01.01.2026 11:08

Нумеролог Айгүл Махатованың айтуынша, бұл жылдың саны – 1, жаңа бастама мен қозғалыстың символы саналады

«Жаңа жылдан бастап қазақ халқының ұлттық рухы асқақтап, әлемдік аренадағы беделі артады». Нумеролог, таролог, көріпкелдер осындай болжам айтып отыр. Эзотериктердің пайымынша, биыл еліміз үшін жаңа бастамаға толы жемісті жыл болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нумеролог Айгүл Махатованың айтуынша, бұл жылдың саны – 1, демек, жаңа бастама мен қозғалыстың символы саналады. Мамандардың айтуынша, бұл кезеңде адамдар жиі тәуекелге бел буып, тез шешім қабылдайды. Ал жылдың стихиясы – от, ол жылдамдық пен үлкен өзгерістерді білдіреді. Нумерологтың пайымынша, жаңа жылда қызыл немесе ашық түсті киімдер киген абзал.

«От адамға өжеттілік береді. Әр адам өзінің ішіндегі жан қалауын айтудан қорықпауы керек. Осы жылы үнсіздік жоғалады, бұл жылдың негізі ұраны - адалдық, адамдық. Адамдар бір-біріне жақсы көзбен қарай бастайды. Бір-біріне көмектесе бастайды, әсіресе, жастар буыны қарқындап өседі», – деді нумеролог Айгүл Махатова.

Ал тарологтардың картасы жаңа жылда ішкі түйсігіңізді тыңдаңыз деген кеңес айтты. Өйткені 2026 жылы қабылданған әр шешім алдағы 8 жылға әсер етеді.

«2026 жыл бізге серіктестік, ара-қатынас, жаңа статус, мол табыс береді. Жұбы жоқ адамдар жартысын табады. 2026 жайлы жыл болады. Жаңа бастама, жаңа кездесулер болуы мүмкін. Бәрі жаңарады», – деді таролог Елена Зыкрыярова.

Ал халық емшісі Айсұлу Әмзеева қойдың жауырынымен жаңа жылға болжам жасады. Оның айтуынша, келер жыл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезең болады. Еліміз табиғи апаттан аман, сұм соғыстан алыс болмақ.

«Жылдың басы өте жақсы басталады, себебі жылан жылын аяқтап, жылқы жылына көшіп жатырмыз.  Халықтың оң жағынан өте көп жақсылық күтіп тұр. Сырттан келіп тұрған ешқандай қауіп-қатер жоқ. Өйткені біздің мемлекет барлық елмен достық қарым-қатынас орнағтқан», – деді халық емшісі Айсұлу Әмзеева.

Астрологтардың айтуынша, Арыстан, Мерген, Тоқты, Таразы, Суқұйғыш, Егіздер сияқты жұлдыз белгілері үшін жыл барынша сәтті болады. Ал Бикештер тәуекелге бармай, көбірек оңашаланып, медитациямен айналысқаны дұрыс.

 Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Жаңа жылдық дастарханға қандай тағам қоюға болмайды