Тергеу барысында күдіктінің психикалық ауытқуы бары анықталған.
Жетісу облысында 4 жастағы баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрған 28 жастағы әйелге қатысты сот шешім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Перзентіне қол көтерген анаға байланысты қылмыстық іс Панфилов аудандық сотында қаралды. Ауыр оқиға биыл 18 қаңтарда Нұркент кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада жас әйелдің төрт жастағы бүлдіршінді соққыға жығып, тепкілеп жатқан сәті анық көрінеді. Сот материалдарына сәйкес, анасы баласын жуынатын бөлмедегі кранды жабуды ұмытып кеткені үшін осылай «жазалаған». Тергеу барысында күдіктінің психикалық ауытқуы бары анықталған. Осының нәтижесінде әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі.
«Сот психатриялық сараптамамен анықталғандай құқыққа қарсы әрекет жасаған кезеңде сотталушы өз әрекеттерін нақты сипатымен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған. Осыны ескере отырып, сот сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде тергеу түріндегі медициналық сипаттағы шарасын қолданды», - деді Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы Нұрсүлтан Орынбасаров.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері қандай - министрлік жауабы