Жылу желілерін цифрлық жүйенің көмегімен бақылауға болады - ғалымдар тың жаңалық ашты

Пилоттық жоба Павлодар қаласында іске қосылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы ғалымдары тың жаңалық ашты. Енді жылу желілерін де цифрлық жүйелердің көмегімен бақылап, саланы оңтайландыруға болады. Зерттеушілер жаңа бағдарлама түрлі қауіп-қатердің алдын алуға, істен шыққан құбырларды жылдам анықтауға, қысымды реттеп, өзгертуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Жылу орталықтарындағы бітпейтін апат, тозығы жеткен құбырлар мен артық шығындар. Дәл осы мәселелер Алматыдағы Сәтбаев университетінің ғалымдарын бей-жай қалдырмады. Олар жылу жүйесіне қатысты түйткілді зерттеуге осыдан 3 жыл бұрын кірісіп кеткен. Талай күн күрделі есептерді шығарып, сараптама жасап, түскен ақпаратты жіті талдаған мамандар, ақыры үздік нәтижеге қол жеткізді. Жылу желілерінің цифрлық баламасын жасап шықты.

«Біздің бағдарлама жүйедегі түрлі өзгерісті зерттеп, талдай алады. Қысымды, қозғалысты түгелдей сараптайды. Сорғылардың қызметін де бақылайды. Ең бастысы, жоба қауіпті жағдайларды азайтуға, оның алдын алуға көмектеседі. Қажетті ұсыныс береді», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ бөлім басшысы Тимур Бекебаев.

Қарапайым тілмен айтқанда, мамандар жылу жүйесіндегі кез келген өзгерісті бағдарламаның көмегімен бақылай алады. Сол арқылы апат санын азайтып, тапшылық тудырмай, желіге түсетін жүктемені теңдей бөліп бермек. Сонымен қатар электр қуатын үнемдеуге, экологиялық ахуалды жақсартуға көмектеспек. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін зерттеушілер жасанды интеллект мүмкіндігін де пайдаланады.

«Физикалық параметрлерді, тәуелділігін анықтау үшін, мысалы, температураны немесе басқа қасиеттерден, сол кезде жасанды интеллект қолданамыз. Ал негізі бұл жерде күрделі математикалық, физикалық заңдылықтарға және модельдерге сүйеніп жасалады программа», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғылыми зертханасы меңгерушісінің орынбасары Гауһар Рамазанова.

Атап өтер жайт, пилоттық жоба Павлодар қаласында іске қосылған. Бастама аясында 46 мың 738 ғимарат пен жылу желісі орналасқан 1173 учаске цифрландырылған. Сынақ ретінде гидравликалық есеп жүргізіліп, бастама бағдарламаның іске жарамды әрі қолдануға болатынын дәлелдей түскен. Ұмытпаған жөн, тың жүйені еліміздің өзге де қалаларына енгізу көзделіп отыр.  

 Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: ҰБТ-дағы көрсеткішті жақсарту үшін не істеу қажет - маман кеңесі

Новости партнеров