Жылыту маусымы: СҚО-да жеке секторлардағы өрт қауіпсіздігі күшейтілді

Биыл елдің солтүстігінде өрттен 20-дан астам адам көз жұмған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елдің солтүстігінде өрттен 20-дан астам адам көз жұмған. Қайғылы жағдайдың бірқатарына қарапайым немқұрайлылық себеп болып отыр. Петропавлдың жеке секторында биыл тұрғындар жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастапты. Сондықтан құтқарушылар алдымен осы аумақты аралап, үйлердің қауіпсіздігін тексерген,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрмыста көміртек тотығын анықтайтын құрылғының болғаны аса маңызды. Әсіресе пешпен жылытылатын үйлер үшін бұл жабдықтың пайдасы зор. Датчик ауадағы улы газдың мөлшері көбейгенін анықтап, бірден дыбыстық белгі береді. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бұл жолы пайдалы құрылғыны көпбалалы Мұрзахановтар отбасына да орнатты.

Құтқарушылар тұрғындарға пешті дұрыс пайдалану талаптарын тағы бір мәрте түсіндірді. Өмірге қауіп төндіретін ұсақ-түйекке дейін назар аударуға шақырды. Мәселен пешке жақын орналасқан қабырғадағы тез тұтанатын материалды алып тастауды ескертті.

«Бұл өрт қауіпсіздігі бойынша рейдтердің өткізіліп жатқаны өте дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе көпбалалы отбасылар үшін маңызды. Жылыту маусымын ерте бастаймыз, көктемде де кеш тоқтатамыз. Қыс-жаз демей, кейде жаздың өзінде үйді жылытып қоятын кездер болады. Сондықтан өрт шығу қаупі бар. Кейде үйде ешкім болмайды, үлкендер сыртта жүреді», – деді қала тұрғыны Анаргүл Мұрзаханова

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 277 өрт тіркеліп, салдарынан 20-дан астам адам қаза тапқан. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін көміртек тотығы датчиктері жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, тұрғындарға тегін орнатылады. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасыларға басымдық берілмек.

«Бұл санатқа жататын азаматтардың 5 мыңнан астам үйі есепке алынған. Онда шамамен 19 мың адам тұрады. Оның 10 мыңнан астамы - балалар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету айлығының бірінші кезеңінде осы үйдің барлығын толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Екінші кезеңде анықталған заңбұзушылықтар бойынша қайта аралап, жағдайды тағы бір мәрте тексереміз», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.

Күн суытып, жылыту маусымы басталар алдында құтқарушылар тағы ондаған ауланы аралайды. Мамандардың айтуынша, өрт қаупі жеке секторда жоғары. Сондықтан мұнда көміртек тотығы құрылғылары орнатылып қана қоймай, түтін мұржалары да тазаланады. Мұндай көмек ең алдымен жалғыз тұратын қарттарға көрсетіледі.

«Бұл жерде ата-әжелер өте көп тұрады. Көбі жалғыз. Балалары, қарайтын адамы жоқ. Сондықтан ең алдымен сол кісілерге көмектесу керек деп ойлаймын. Бізге де датчик орнатылған. Бұрын темекі шегетінмін, тіпті темекінің түтінінен де іске қосылады. Ал пештен түтін шықса, түнде міндетті түрде оятады. Кей үйлер төмен орналасқан, ол жерде ылғал болады. Адамдар үйді жылытып, пеш жаққанда, қауіп те арта түседі», – деді қала тұрғыны Евгений Емелин.

Құтқарушылардың профилактикалық рейдтері мен жеке секторды аралауы жылыту маусымы кезінде де жалғаспақ.

Айжан Дайрабай, Петр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Сапалы тамақ - сау бала: Алматыда мектеп асханаларына бақылау күшейді