Жылыту маусымында көміртек тотығынан қалай сақтануға болады
ТЖМ жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды
Жылыту маусымында өрттің алдын алу және көміртек тотығынан улану қаупін азайту мақсатында Қызылорда облысында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қызылорда облысының балаларды қорғау жөніндегі басқармасының демеушілігімен тұрмыстық жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға арнап көміртек тотығын анықтайтын 150 датчик сатып алынған.
Қазір құрылғыларды әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне орнату жұмыстары жүргізілуде. Датчиктер ауадағы көміртек тотығының қауіпті деңгейін анықтаған кезде белгі беріп, тұрғындарға дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді.
Жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану маңызды
Көміртек тотығы – түсі де, иісі де жоқ қауіпті газ. Сондықтан оның ауада жиналғанын арнайы құрылғысыз байқау қиын. Улану адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жылыту маусымында бірнеше талапты сақтау қажет:
- пештер мен жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану;
- мұржаларды уақытылы тазалау;
- жылыту жүйелерінің жарамдылығын тексеру;
- үй-жайдың қауіпсіздігіне тұрақты назар аудару.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау өрттің шығуы мен көміртек тотығынан улану қаупін азайтуға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Тым ыстық шай мен кофе қандай қауіпті ауру тудыруы мүмкін