Жылыту маусымы: Павлодар облысында отын бағасы мен дайындау шарттары қандай
Бір текше метр отынның бағасы оны дайындау тәсіліне байланысты
Жылыту маусымының басталуына санаулы апта қалды. Павлодар облысындағы жеке үйлердің тұрғындары қысқа қамданып жатыр. Қолжетімді нұсқалардың бірі – отынға арналған ағаш,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ағаштың басым бөлігі қыста дайындалады. Бұл кезде техника жайылма ормандарға кіріп, жұмыс істей алады. Қазір ағаш дайындау көлік кіре алатын учаскелерде жалғасып жатыр. Отынға қураған, дауыл құлатқан, жел сындырған және санитарлық мақсатта кесуге белгіленген зақымданған ағаштар қолданылады.
«Павлодар облысында ағаш дайындаудың бекітілген көлемі – 39 мың текше метр. Бұл көлем өңірдегі бес мемлекеттік орман иеленушіге бөлінді. Ең үлкен үлес – «Ертіс орманы» резерватына тиесілі. Одан кейін Баянауыл ұлттық табиғи паркі және үш коммуналдық мекеме бар. Бірінші кезең аяқталды. 145 ағаш кесу билеті берілді. Қазір оның 35 пайызы игерілді», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Альмира Жингулова.
Бір текше метр отынның бағасы оны дайындау тәсіліне байланысты. Тұрғындар арнайы бөлінген учаскелерге барып, орман күзетінің бақылауымен ағаш дайындайды. Ақысын төлегеннен кейін қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуі керек. Ал дайындалған ағаштарға арнайы белгі қойылады. Орта есеппен бір отбасына шамамен 5 текше метр отын қажет.
«Өздері келіп, ақысын төлейді. Біреулер 2 текше метр алады, ағашты дайындап, алып кетеді. Шектеу жоқ. Қанша керек болса, сонша алады. Бір текше метр отынның бағасы – 3 мың теңге», – деді Павлодар орман шаруашылығының орманшы-инспекторы Қанат Бағжанов
Баянауыл ұлттық паркі мен «Ертіс орманы» резерватында ағашты өз бетінше дайындауға болмайды. Мұнда тұрғындарға алдын ала дайындалған отын сатылады. Сондықтан бағасы да жоғары. «Ертіс орманында» бір текше метрдің құны шамамен 4 мың теңге. Ал Баянауылда ағаштың түріне қарай 5 мың 300 теңгеден басталады.
«Ағашты алдын ала резерват пен ұлттық паркке жұмысқа алынған уақытша жұмысшылар дайындайды. Ал тұрғындар дайын отынды жоғарғы қоймалардан сатып алады. Себебі бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Сондықтан адамдардың резерваттар мен ұлттық парктердің аумағында өз бетінше жүріп, ағаш дайындауына жол берілмейді. Отынның бағасына оны дайындаған жұмысшылардың еңбекақысы да кіреді. Сондықтан құны сәл жоғары», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Альмира Жингулова
Орманда қураған ағаштарды өз бетінше жинауға немесе ағаш кесуге болмайды. Тіпті тал толықтай қурап тұрғандай көрінсе де, оны кесуге болатынын мамандар шешеді. Рұқсат құжаттарынсыз ағаш дайындау заңсыз кесу ретінде бағалануы мүмкін.
«Биыл сегіз айда үш адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл – жеке тұлғалар. Оларға 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері болып бөлінеді. Оларға салынатын айыппұл көлемі де сәйкесінше өзгереді. Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл мөлшері жоғары», – деді Полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының инспекторы Қайрат Сатыбаев.
.Өңірде ағаш қоры жеткілікті. Отынға арналған ағаштың бағасы соңғы 5 жылда өзгермеген. Ал әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға отын тегін берілмейді. Олар ағашты жалпы тәртіппен сатып ала алады.
Айдана Шалқар, Әсия Серікова
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жылыту маусымына дайындықтың 93%-ы аяқталды