Елге алтын медальмен ораламын деп ойладым – Сәкен Бибосынов

Елге алтын медальмен ораламын деп ойладым – Сәкен Бибосынов
Бүгін Токио олимпиадасына аттанған спортшылар елге оралды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Токио олимпиадасына аттанған спортшылар елге оралды. Оларды әуежайдан күтіп алу үшін еліміздің әр өңірінен жүлдегерлердің туыстары, достары жиналып, қуанышты бірге атап өтті. Одан бөлек жиын барысында қатысушылардың біріне темір тұлпар табыс етілді. Ендеше төрт жылдықтың басты додасында Қазақстанның намысын қорғап, өнер көрсетіп келген спортшыларымызды күтіп алған Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.

Құрметті көрермендер қазір әуежайдың алдына жүлдегерлерімізді асыға күткен жанкүйерлер біртіндеп жиналып жатыр. Олардың арасында спортшыларымыздың достары мен туыстары және ет жақындары бар.

Көп ұзамай қоржынға олжа салған жүлдегерлеріміз бен спортшыларымыз бой көрсетіп, мүлгіген тыныштыққа жан бітіргендей болды. Кейін барлық жанкүйер қатысушыларымызды ортаға алып, қазақы дәстүрмен салтанатты түрде қарсы алды. Тіпті, үздік үштіктен көрінген Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновты және Софья Берульцева мен Дархан Асаділов, Нұрислам Санаевтарды қолдау үшін Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан арнайы өкілдер келген.

«Құдай қаласа біршама уақыт тынығып алу керек. Бас бапкерлермен әлі де болса ақылдасу керек. Білесіздер, мен қазір кәсіпқой бокста да өнер көрсетемін. Менеджерлерім бар, бәрімен ақылдаса келе алға жоспар қоямыз», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев.

Ал, еркін күрестен төрешілердің әділетсіз шешімінен соң жарыстан шығып қалған Әлішер Ерғалиды қолдау мақсатында жомарт жандардың атынан темір тұлпардың кілті табысталды. Одан бөлек Сәкен Бибосынов та 2024 жылы Парижде өтетін жазғы ойындарға қатысып, Токиода алған қоласын алтынға айырбастауға ниетті екенін айтты.

«Мен де еліме алтынмен ораламын деп ойлағанмын. Қазақтың көк туын көтеріп, әнұранын шырқатам деген мақсатпен барғанмын. Енді кішкене өкініш бар. Қоламен шектелдік. Бұл енді үлкен спорттағы жеңістерімнің баспалдағы деп білемін», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.

Айта кетейік Токио олимпиадасына ел атынан 95 спортшы аттанса,соның 8-і үздік үштіктен көрінді.  

Мерей Қанапиянов, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров