Қостанай облысының құтқарушылары өңірде су тасқыны жағдайы ушығып бара жатқанын ескертті. ТЖД қызметкерлері жергілікті тұрғындарға үндеу жасады. Қардың белсенді еруі мен жауын-шашынға байланысты 14 аудан қауіпті аймаққа енгізілді, деп хабарлады Аlmaty.tv тілшісі Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 31 наурыздан бастап Қостанай облысының аумағында ауа температурасы күндіз +20 градусқа дейін көтерілуі мен аптаның ортасында түнде облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауатынын хабарлайды. Осыған байланысты, облыстың оңтүстік өңірлерінде су тасқыны жағдайының қайтадан қиындау қаупі жоғары, — делінген хабарламада.
Мәселен, Қарасу, Әулиекөл, Наурызым, Қамысты, Сарыкөл, Алтынсарин, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарын су басуы мүмкін.
Бұған қоса, Ресей Федерациясының аумағынан ірі өзендер арқылы су ағыны артуы мүмкін.
Жітіқара, Денисов, Қостанай, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданы су ағынының қауіпті аймағында орналасқан.
Айта кетейік, Қостанай облысы су тасқынына байланысты қиын жағдайға тап болды.
Күні кеше Арқалық маңындағы ауылдар су астында қалып, Қостанай іргесіндегі Амангелді ауылын да су басты.
Жангелді, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласы да қиын жағдайда. Онда 28 наурызда төтенше жағдай жарияланды.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығынын әкімдік өтейтінін айтты.
Кейін Қостанай облысының әкімдігі келтірілген шығынның қалай есептелетінін және төлемнің қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Қазір су басқан аумақтардағы электр қуатын және коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жангелді ауданы мен Амангелді ауданының жартылай елді мекендерінде әлі жарық жоқ.
Табиғи апатпен күреске аймақ белсенділері де атсалысты.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысы: қызылордалық құтқарушылар көмекке келді