Жамбыл облысының Қордай ауданында ауа райы танытқан тосын мінез талайды әбігерге салды. Демалыс күндері төтеншеліктердің ескертуін елеместен тәуекел етіп, сапарға шығып, жолда қалғандар бар. Құтқарушылардың айтуынша, қар құрсауынан 36 адам мен 9 автокөлік шығарылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ азаматтарды қабылдайтын 4 жылыту пункті ұйымдастырылды.
Айта кетейік, құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 16 адам мен 3 арнайы техника жұмылдырылған.
Қазір облыстағы жолдар барлық көлік түрі үшін ашық. Дегенмен төтеншеліктер өңір тұрғындарының қар құрсауында қалып қоймас үшін ескертулерге назар аударуын сұрайды. Сондай-ақ жолдардың жабық учаскелерін бақылау маңызды деп отыр. Ал ескерту туралы хабарламаны елемеген облыс тұрғындары жауапқа тартылып жатыр.
– Ескертуге атүсті қарағандарға полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырады. Екі күннің ішінде 5 хаттама толтырылды. Олар әкімшілік сотқа жолданады. Нәтижесінде 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Алмаз Жұматаев.
Оқи отырыңыз: Еліміздің 11 облысында автожол жабылды