Қарағандыда нөсер жаңбырдан соң көшелерді су басты. Кеше түстен кейін тоқтаусыз жауған жауын қаладағы көлік қозғалысын тежеп, тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тізеден асатын жаңбыр суы қоғамдық көліктердің ішіне, ғимараттарды басып қалған. Жеңіл көлікті былай қойғанда, автобустардың да қозғалысы қиындады. Әп-сәтте қаланы астаң-кестең еткен табиғаттың тосын мінезін қала әкімі коммуналдық қызметтегі олқылықтан деп түсіндірді. Шаһар басшысы «жаңадан тұрғын үй көп салынған аумақта суағарлар, кәріз құдықтары дұрыс жұмыс істемейді» деді.
– Күтпеген жерден қатты жауын жауып, қаланы су басты. Орталықтағы Ерубаев пен Әбдіров көшелеріндегі кәріз құдықтарынан суды сорып үлгермей жатырмыз. Ол үшін коммуналдық қызмет жұмылдырылды. Қазір жағдай тұрақталды. Түні бойы мамандар кезекшілікте болады, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожұқов.
Оқи отырыңыз: Алматыда жылу беру маусымы ертерек басталуы мүмкін