Алматының Тұйықсу шатқалында 11 мың текше метрлік қар көшкіні жүрді

Алматының Тұйықсу шатқалында 11 мың текше метрлік қар көшкіні жүрді
Профилактикалық шараны өткізу кезінде Медеу-Шымбұлақ тасжолы уақытша жабылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматының Тұйықсу шатқалында қар көшкіні жүрді. Оның көлемі 11 мың текше метрді құрады. Бұл биылғы ең көлемді көшкін дейді төтеншелік мамандар. Арнайы қызмет өкілдерінің айтуынша осы тектес алдын алу шаралары алматылықтар мен туристердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін ұйымдастырылған екінші жасанды қар көшкіні – биылғы қыстағы ең көлемдісі саналады. Тұйықсу шатқалындағы 17-ші қауіпті аймақтағы қардың қалыңдығы 1 метр 30 сантиметрді құраған екен. Шатқал бойында орналасқан жолға қауіп төндіргендіктен бүгін арнайы алдын алу шарасы өткізілді.


«Алматы қаласының таулы өңірлерінде 156 қар көшкіні болуы мүмкін аймақ бар. Соның ішіндегі 18-ін адамдар көп жүретін жер деп анықтап, қауіпсіздік үшін бүгінгі «Эдельвейс» Тұйықсу қақпасында, 17-ші қар көшкіні жүріп кету аймағында осындай алдын-алу жұмыстарын жүргіздік», – деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық техникалық пайдалану басқармасының басшысы Самат ДӘУЛЕНҚАНОВ.

Профилактикалық шараны өткізу кезінде Медеу-Шымбұлақ тасжолы уақытша жабылды. Қар үлкен көлемде түскендіктен, «Қазселденқорғау» мекемесінің 2 дана техникасы мен 7 маманы аумақтағы жолды қардан аршыды.

Бұл осымен ұйымдастырылған екінші жасанды қар көшкіні. Алғашында 4 мың текше метр, ал бұл жолы 11 мың текше метр қар түсті. Қазір арнайы техника жолды қардан аршып жатыр. Мамандардың айтуынша, барлығы ауа райына байланысты. Егер қардың қалыңдығы 70 сантиметрден асатын болса, алдын алу шарасы қайта ұйымдастырылатын болады.

Ал «Қазгидромет» өкілдері бүгін кешкі уақыттан бастап қала аумағында қар түседі деп болжап отыр. Ақ ұлпа бір жарым тәулік бойы жауатындықтан, көктайғақ болуы ықтимал екенін ескертеді.  

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров