Алматы әкімінің есеп беру жиыны: залға сыймағандар алып экран арқылы тыңдады

Алматы әкімінің есеп беру жиыны: залға сыймағандар алып экран арқылы тыңдады
Халықтық кездесуге кешігіп келген ел де ескерусіз қалмады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы әкімінің есептік кездесуі өткен Республика сарайының залына сыймаған бір топ адам сарай сыртында базынасын білдірді. Алайда, ішке ене алмадық деген ел де ескерусіз қалмады. Халықтық кездесуге кешігіп келсе де, олар жылдық жиынның қортындысын LED-экран арқылы тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сағат тілі таңғы 9-ды көрсеткенде Республика сарайының іші адамға лық толып үлгерген. Әкімнің халыққа есеп беру жиынына 3 мыңнан астам тұрғын келіпті.

Адам ағысы азаймаған соң күзетшілер қауіпсіздік пен залдағы жұрттың жайлы отыруын ескере отырып, сырттағы адамдарға мәселені шешудің өзге жолын ұсынды.

Кезекті жиынға кешігіп келген адамдардың бірі Гүлбахрам Жүніс болды. Желтоқсан қатысушысы жиналыста 86-шы жылы көшеге шығып, қуғын көргендердің баспанасын шешу жолын қарастыруды ұсынғысы келіпті.  

«Мен, мінеки, ішке кірдім. Бүкіл желтоқсандықтар атынан келгеннен кейін мені қоғамдық бірлестік өкілі ретінде ішке шақырды. Шынымен де, іште орын жоқ екен. Оған көзім жетті. Қазір холлда әкімнің орынбасарларымен кездестім, олар біздің өтінішімізді тыңдап болған соң, бәрін бақылауға алғандарын жеткізді»,– деді «Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік қырандары» халық қаһармандары қозғалысының төрайымы Гүлбахрам ЖҮНІС.

Ал сарайдың фойесіне қойылған LED-экран арқылы іштегі халықтың көтерген мәселесін де, әкімнің жауабын да анық тыңдауға болады. Сырттағылар үшін де қоғамдық қабылдау назардан тыс қалмаған.

«Бұл жерде ұйымдастырушылар жақсы мүмкіндік жасаған екен. Экран бар, көрініп тұр. Кез келген адам әкімнің есебін тыңдай алады. Егер туындаған сұрақ болса, әкімнің орынбасарлары қоғамдық қабылдау өткізеді», – деді Алматы қалалық кәсіподақтар одағының өкілі Құралай БЕРКІМБАЕВА. 

Сыртта симай қалса да, кейін өзге залда орын тепкендер әкімнің халық алдындағы есебі ашық болғанын айтты. Әлеуметтік желіден тікелей эфир арқылы да мыңдаған тұрғын тыңдады. Ал әлі де проблемасы мен туындаған мәселесіне жауап табал алмаған адамдар сұрақтарын әкімнің қабылдауына немесе «Оpen Алматы» порталының онлайн-режимі арқылы жібере алады.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашит Ілясов, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы  



Новости партнеров