Сел салдары: Жамбыл облысында 200-ден астам үй көгілдір отынсыз отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жойқын желдің жылдамдығы секундына 45 метрге жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында тағы да сел жүріп төрт түлікті ағызып әкетті. Бұл жолы тоқтаусыз жауған жауын ағынға айналып, Қордай ауданындағы таулы аумақты шайған. Ауруханаға түсіп, ауыр жағдайда жатқан тұрғын да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жауыннан жиналған көлбеу ағын дем арасында Бетқайнар мен Қақпатас ауылдық округтеріне залал келтірді. Ағын су «Береке» шаруа қожалығының 10-ға жуық ұсақ малы мен бір ірі қарасын ағызып әкеткен. Ал бұған дейін желіде тараған «700-ге жуық төрт түлік қырылып қалды» деген ақпаратты әкімдік растамады. Олар «тұрғын үйлерге су кірмеді» деп мәлімдеді. Селден соң ауданда жел болып, дауыл Соғанды ауылындағы жарық бағаналарын құлатқан. Ал Беріктас елдімекенінде 2 әлеуметтік нысан мен 200-ден астам үй көгілдір отынсыз отыр.

– Дауыл болып, 28 минуттың ішінде шатыр ұшып, газ құбырлары, бағаналар құлады, – деді Беріктас ауылының тұрғыны Саят Ағышев.

– Арғы көшедегі қораның шатырын, бергі көшедегі газ құрылғысын, бағаналарды құлатып кетті. Біз сияқты зейнеткерлер қайда барады? Көгілдір отынсыз, жарықсыз отырмыз, – деді Беріктас ауылының тұрғыны Әділбек Телғазиев.

Жойқын желдің жылдамдығы секундына 45 метрге жеткен. Салдарынан 3 адам жарақат алып ауруханаға жеткізілген. Екеуінің жағдайы жақсы болса, бірінің жарақаты ауыр. Өңірдегілердің айтуынша, 18 жастағы тұрғынның екі аяғы сал болып қалған. Өйткені азаматтың омыртқасы сынған.

– Барлық көмекті көрсеттік. Науқастың жағдайы өте ауыр. Ашық ми жарақатын алған. Бас сүйегі жабық негізде сынған. Омыртқасы жарылып сыныпты. Жұлынның зақымдануынан екі аяғының төменгі бөліктері қимылсыз қалып отыр, – деді Қордай аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сара Сұраншиева.

Жойқын желден 30-ға жуық тұрғын үй мен қора жайдың шатыры ұшты. Ұялы байланыс мұнарасы да құлады. Ал тау суы «Соғанды-Бетқайнар» автожолының көпірін бұзған.  

– Көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Соғанды ауылында 3 бригада электр желілерін қосу үшін жұмыс атқаруда. Беріктас ауылында электр желілерін қосу және газ құбырларын қалпына келтіру үшін 6 бригада жұмыс атқаруда, – деді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов.  

Қалпына келтіру жұмыстарымен 10-ға жуық бригада, 60-қа жуық маман айналысып жатыр. Әзірге шығын көлемі анықталуда, ал азаматтарға өтемақы төлеу мәселесі белгісіз.

Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыдан Қырғызстанға 40 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді

Новости партнеров