|
27.02.2023 | 20:28
2039

Кешігу әдетке айналды: жолаушылар әуе рейстерінің жауапсыздығына нарызы

Өткен жылдан бері елдегі 8 авиакомпания бұл үшін ірі көлемде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған

Кешігу әдетке айналды: жолаушылар әуе рейстерінің жауапсыздығына нарызы

Қазақстанда әуе рейстерінің кешігуі жиілеп кетті. Өткен жылдан бері елдегі 8 авиакомпания ірі көлемде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Бұған қарамастан әуежайдағы жағдай әлі реттелмей тұр. Қысы-жазы діттеген жеріне жете алмай, жолынан қалып қойған жолаушылар тасымалдаушылардың жауапсыздығына нарызы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл - өткен сенбідегі жағдай. Астана – Шымкент бағытындағы рейс 25 ақпан таңғы сағат 5:40-та ұшуы керек еді. Алайда жолаушылар сапары 10 сағатқа кешіктірілген. Мұны әуе компаниясы өкілдері ауа райының қолайсыздығынан деп түсіндірді. Артынша, сарыла күткен халыққа SMS хабарлама арқылы рейстің мүлде алынып тасталғаны айтылыпты. Авиация әкімшілігінің немқұрайлылығына ашуланған азаматтар тәуліктеп тосқандарын айтып, әуежайда жанжал шығарған.

Желіні дүрліктірген жағдайға қатысты Азаматтық авиация комитеті тексеру жүргізілетінін айтты. Бейнежазбадан ашуға булыққан халықтың әуе компания қызметкерлеріне қол көтеруге дейін барғанын аңғаруға болады. Комитет өкілдері айтуынша, жолаушылар тарапынан құқық бұзылса, оларға да заңды шара қолданылады.

«Тексеріс өткізгеннен кейін толық ақпарат беріледі. Жалпы айтқанда, егер жолаушылардың құқығы бұзылса, әуе компаниясына айыппұл салынады», – деді «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ департамент директоры Нұржан Малаев.

Қазір елдегі авиакомпаниялар рейстерді кешіктіруді әдетке айналдырған. Әуежайда жаппай сипат алып отырған бұл олқылықты азаматтық авиация комитеті де растады. Жолаушылар кестеден кешіктірілген рейске ғана емес, компаниялардың қарым-қатынасына да наразылық білдірген. Өткен жылы 130-дан астам адамнан шағым түсіпті.

«Шымкентке ұшақ міндетті түрде кешігеді. 10 рет барсам соның жетеуінде кешігеміз. Мысалы біз билетті сатып алғанда телефонға смс келу үшін арнайы белгілі белгілейміз немесе осында келіп, күтеміз», – деді қала тұрғыны Алмас Есболатов.

Өткен жылдан бері қызметіне салғырт қараған әуе компанияларына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 8 айыппұл салыныпты. Саладағы келеңсіздіктерді болдырмау үшін жыл басында тиісті заңнамаға өзгерту енгізілген. Ол бойынша әуе рейсі енді 5 сағатқа кешіксе, жолаушы билеттің толық құнын қайтара алады.

«Рейс кешіккені үшін жауапкершілік жоқ. Өйткені әуе компания атап өткендей, ең бастысы – қауіпсіздік. Алайда кешіккен кезде әуекомпаниялар тиісті шара қабылдау керек. Яғни, ыстық тамақ, салқын су, қонақ үйде тұру және басқа да ұсыныстар. Осы шаралар орындалмаған жағдайда тиісті шара қолданамыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Әділет Көбенов.

Жуырда ғана авиакомпаниялар кестесі кешіктірілген немесе ауысқан рейстерді жолаушыларға хабарлауға міндеттелген болатын. Олар азаматтардың мобильді нөмірі мен электронды поштасы арқылы жоспарланған сапар туралы ақпараты уақытылы беруі керек.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир