Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу барысында 18 наурызда өтетін партияның Саяси кеңесі отырысының күн тәртібі талқыланды. Бюро отырысын ашқан еліміздің Тұңғыш Президенті партия жұмысын жандандыру бағдарламасы мен «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» атты әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына оң баға берді.
«Ағымдағы партияның саяси күн тәртібінің мәселелерін талқылау үшін жиналдық. Өткен саяси кеңесте «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп аталатын жаңғырту бағдарламасын қабылдадық. Халықпен нақты жұмыс күшейтілді. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтар сенім артып келіп, мәселелерін шешу үшін кеңес құрып отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен партияның барлық деңгейіндегі алаңдарында халықты толғандыратын мәселелер жөнінде кездесулер мен әңгіме өткізілді», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Нұрсұлтан Назарбаев партияның өңірлердегі жұмысына назар аударды. Партия басшылығы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, әсіресе, шалғай аудандарға баруы керек. Адамдармен жүздесіп, проблемаларды жан-жақты зерделеу, оларды шешу маңызды, деді Елбасы. Сонымен қатар, Бюро отырысында биылғы жылдың 30 наурызы мен 16 мамыры аралығында елдің барлық өңірлерінде жаңа форматта партияның ішкі іріктеуін – праймериз өткізу туралы шешім қабылданды. Ал отырыстың қорытындысы бойынша Бюроның қаулысы қабылданды. Оған сәйкес іріктеуді жүргізу ережесінің жобасы алдын-ала мақұлданды. Ол 18 наурызда Саяси кеңестің отырысында бекітілмек.