|
20.09.2023 | 08:54
3767

Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары: соңғы күні қалай өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі

Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары: соңғы күні қалай өтті  пресс-служба Акорды

Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан Президенті адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

- Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді. Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, БҰҰ Бас Асасамблеясына жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді.

– Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек "бірлігіміз – әралуандығымызда" және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет.

– Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.

Бұдан бөлек, пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту болашағы қарастырылды.

Дәл сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соузамен кездесті.

Мемлекеттер басшылары екі елді достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.

Тараптар инвестиция, су ресурстарын басқару, туризм және басқа да салалардағы жан-жақты қатынастарды одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екенін айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Румыния – Қазақстанның Шығыс Еуропадағы жетекші сауда серіктесі. Бүгінде екіжақты сауда-саттық көлемі 20 пайызға артып, 1,3 миллиард долларға жетті.

Біз Румынияны достас мемлекет ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің тарихына, жүргізіп отырған саясатыңызға және халқыңыздың дәстүріне құрметпен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Клаус Йоханнис Қазақстан мен Румыния арасындағы екі жақты ынтымақтасты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

– Мен және менің командам бүгін сіздермен осы жерде кездескеніміз үшін қуаныштымыз. Өйткені біз сенімді экономикалық және саяси серіктес елдерміз. Осы кездесу алдында мемлекеттеріміздің өзара қарым-қатынасының тарихымен таныстым. Сізбен саяси диалогты жоғары деңгейде нығайтуға зор мүмкіндік бар деп ойлаймын, – деді Румыния Президенті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Клаус Йоханнисті Астана халықаралық форумына негізгі қонақтардың бірі ретінде қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Черногория Президенті Яков Милатовичпен келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында Президент Қазақстан Черногорияны Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Подгорица қаласында Қазақстанның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамытуға тың серпін береді.

– Біздің елдеріміздің арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам визасыз режимді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді. Біз Подгорицада өз Консулдығымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған салалардағы оң нәтижелерге, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтағы жетістіктерге қарай сіздің еліңізде елшілігімізді ашуымыз мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Яков Милатович екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черногория Президенті жан-жақты байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

– Президент мырза, мен Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын. Өзіңіз білетіндей, біз Қазақстан мен Черногория арасындағы достықты өте жоғары бағалаймыз. Осы кездесуге менімен бірге еліміздің Премьер-министрі де келді. Ол Черногорияны қазақстандық туристер үшін тартымды етуге ерекше қызығушылық танытады. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейсінің қызмет көрсете бастағанына өте қуаныштымыз. Бізге Қазақстаннан туристердің көптеп келетіні қуантады, – деді Яков Милатович.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясының аясында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті. Сондай-ақ екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.

Кездесу соңында президенттер жақын арада бір-бірінің еліне сапармен бару мүмкіндігін талқылады.

Мемлекет басшысы Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен кездесті.

Кездесу барысында Кениямен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Президент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді.

– Мен Кенияның даму барысын, экономикалық және сыртқы саясатын қадағалап отырамын. Сондай-ақ Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайынмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркқа жұмыс сапары Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесумен қорытындыланды.

Әңгімелесу барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында достық қарым-қатынастар орнағанын және қарқынды дамып келе жатқан экономикалық байланыстардың маңызы зор екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металдар өндірісін, атом энергетикасын дамыту салаларындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.

Корея Президенті Юн Сок Ёль Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, кореялық компаниялар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды кеңейтуге және жаңа жобаларды қолға алуға ерекше қызығушылық танытады.

Дерек көзі: Ақорданың баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир