Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамда өтеді. Тараптар 12 мәселені талқылайды деп жоспарлануда. 31 қаңтарда Алматы әлемнің саясаткерлері мен экономистерінің назарында болады. Бес мемлекеттің премьер-министрлері Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамыту мәселелерін талқылайды, деп хабарлайды Sputnik.
ЕАЭО үкімет басшылары мен вице-премьерлері, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян, сондай-ақ Молдова премьер-министрі Алматыда қонақ болады.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамда өтеді. Оған Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан премьерлері: Асқар Мамин, Михаил Мишустин, Никол Пашинян, Сергей Румас, Мұхаммедқали Әбілғазиев қатысады.
Тараптар 12 мәселені талқылайды деп жоспарлануда. Пікірталастың негізгі бағыты – Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуі және оның нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру.
Жұма күні Digital Almaty форумы да өтеді, оған Қазақстан, Ресей және Беларусь үкімет басшылары, Армения мен Қырғызстан вице-премьерлері қатысады. Сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан, Молдова премьерлері қатысады деп жоспарлануда.