Жаңа құрам бекітілгенге дейін Үкімет өз міндеттерін атқаратын болады

mail.kz
mail.kz
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір маңызды күн. 30 жылдықтың алғашқы айында ел үкіметі отставкаға кетті. Министрлер кабинетінің өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Алайда Үкімет жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін орындайды. Айта кету керек, заң бойынша Парламент мәжілісінің сайлауынан кейін Үкімет тарап, қайта жасақталуы тиіс. Бүгін таңертең Нұр-Сұлтанда жетінші мәрте сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Президент депутаттарды сайлаудың аяқталуымен құттықтап, жаңа құрамға табыс тіледі, сондай-ақ өткен шақырылымның депутаттарына алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы сапалы заңдар қабылдап, елдегі экономикалық әрі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керектігін айтты. Ал, парламент – өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс.

«Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатындығын білгені жөн», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген тармақ енгізуді ұсынды. Бұл ретте баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы қалыпты жағдай болуы тиіс деді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5%-ға дейін төмендеуі керек.  Алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін, аудан әкімдерін сайлауға көшуге болатынын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, сот жүйесінің ашықтығын қамтамсыз ету, құқық қорғау органдарының жұмысын барынша өзгерту, Омбудсмен туралы Заң қабылдау, әлеуметтік-экономикалық даму үшін азаматтардың құқықтарын лайықты қорғау секілді маңызды шаруалардың шешу жолдарын айқындады.

«Біздің алдымызда әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша саясатты қайта ретке келтіру мәселесі тұр. Мейлінше осал топтағы азаматтарды қолдау мемлекеттің басымдығы болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік атаулы көмек пен оны алу барысындағы тиісті талаптарды күшейту керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Новости партнеров