Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарары біржақты сипатқа ие – СІМ

kazaknews.kz
kazaknews.kz
Министрлік тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санайтынын мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елдегі жағдайға қатысты Еуропалық парламенттің қабылдаған қарарына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз", – делінген Сыртқы істер министрлігінің сайтында.


Сондай-ақ министрлік қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық Парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпарат пен түсіндірулер сұрамағанын жеткізді. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлаған.


"Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді. Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Қазақстан халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді. Еліміз Еуропалық одақтың барлық институттарымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде өзара сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі.

Еуропалық Парламенттің аталған қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ҚР Президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді.

Новости партнеров