Парламент Қазақстан астанасы атауын өзгертуді қолдады

16.09.2022 16:00

lenta.ru

Сенат пен Мәжіліс депутаттары елорда атауын Нұр-Сұлтаннан Астанаға өзгертуді қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Қазақстан астанасы атауын Астана деп өзгерту "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілген.

"Елорда атауын өзгерту мәселесі қоғам тарапынан ұзақ уақыт бойы кеңінен талқыланып келеді. Ол кездесулер барысында, референдум кезінде азаматтар үндеуінде көтерілді. Сондықтан қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді. Елорданы қайта атау бойынша бастаманы "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы ұсынды. Осылайша, заң жобасы шеңберінде көзделген конституциялық новеллалар Мемлекет басшысының бастамалары мен депутаттардың ұсыныстарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, бұл саяси жүйеге мүлдем жаңа стандарттар қояды", - деді Парламент палаталарының бірлескен отырысында әділет министрі Қанат Мусин.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекеттілікті нығайтудағы сіңірген еңбегін жоққа шығармайтынына сендірді.

"Оның есімін елордадағы халықаралық әуежайға, бірнеше ескерткіштерге, саябақтарға, білім ошағына беру - құрмет белгісі. Халықтың басты талабы - бір кездері елордаға берілген Астана атауын қайтару", - деді ол.

Сондай-ақ, екі палата депутаттары бүгін Президент өкілеттігін 7 жыл етіп бекіту мәселесін қарап, қабылдады. Әділет министрінің айтуынша, мемлекет басшысын 7 жылға бір-ақ рет сайлау нормасы Конституцияда енді ешқашан өзгермейді. Мәжілісмен Қазыбек Иса Президент өкілеттігінің 7 жыл болуы аз емес. Осы уақытта мемлекет басшысы болып сайланған адам ойлағандарын іске асырып үлгеретінін айтты. Ал елорда атауын өзгертуге қатысты депутат халық талабы орындалғанын жеткізді.

«Сол секілді «Астананың бұрынғы атын қайтару керек» дегендер көп еді, еститін мемлекет ретінде депутаттар ел аралағанда ең көп айтылған халық талабын орындап жатса, енді неге «Астана атын ауыстырасыңдар» дегендер де шықты. Мұның бәрі қоғамды тұрақсыздыққа итермелеп жатқан теріс пиғылдылардың әрекеті екені анық», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.

Бұған дейін елорда мәслихатында қоғамдық тыңдаулар өтіп, онда депутаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдаған болатын.


Әділет министрі Қанат Мусин Президент мандаты туралы норманы келесі сайланған мемлекет басшысы өзгерте алмайды дейді. Бұл баптың өзгермеуін Конституциялық сот қадағалайтын болады. Ал елорданың атауын ауыстыру «өзгермейтін» нормалар қатарына жатпайды екен. Яғни, алдағы уақытта тағы да ауысуы әбден мүмкін. Дегенмен бас қаланың «Нұр-Сұлтан» деген атауы ұнайды, тарихи мәні бар деп келген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев, енді «Астана» деп ауыстыруды қолдады. Бүгін халық қалаулысы астанамыздың үш атауы да ұнайды деп ағынан жарылды.  

«Менің ойымша Целиноград болған елді мекенді Нұр-Сұлтан деп те, Астана деп те атағанда тұрған ешқандай ағаттық жоқ. Бірақ әрбір депутат, әрбір билік басындағы азамат халықтың құлы. Сол себептен халықтың өтініші осы жерде орындалды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Бүгін депутаттар Президенттің мандаты қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеліп, жеті жылға ұзартылатын, Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгеретін және Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі 8 жылға дейін ұлғайтылатын заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Отырыс соңында құжат Президентке жолданды. Мемлекет басшысы бір айдың ішінде қол қойып, Жарлық шығу керек. Сол кезде аталған баптар күшіне енеді.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан