Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне жеті кандидатты тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы үш үміткерге, атап айтқанда Төлеутай Рахымбековке, Жамбыл Ахметбековке және Әміржан Қосановқа ҚР Президенттігіне кандидат куәлігін табыс етті. Ал бұған дейін республиканың жоғары мемлекеттік лауазымына үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев, Сәді-Бек Түгел, Амангелді Таспихов және Дания Еспаева тіркелген болатын.
Естеріңізде болса, осы жылдың 9 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялап, онда биылғы 9 маусымда елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтетіндігін мәлімдеді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұсынған Президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні, яғни 2019 жылғы 10 сәуірде басталып, 28 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.
Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы ҚР Конституциялық заңының 55-бабы 1-тармағына сәйкес Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. 28 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жария етті.
Оған сәйкес 9 республикалық қоғамдық бірлестіктің, оның ішінде 4 саяси партияның кандидаты құжаттарын тапсырды. Осылайша, ҚР Президенттігіне 9 үміткер ұсынылды:
1.Сәді-Бек Түгел:«Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі 2019 жылдың 17 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 22 сәуірде тапсырған;
2. Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 23 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 23 сәуірде тапсырған;
3. Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы: «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі 2019 жылдың 24 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 25 сәуірде тапсырған;
4. Еспаева Дания Мәдиқызы: «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 25 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге 25 сәуірде тапсырған;
5. Рахымбеков Төлеутай Сатайұлы: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 25 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 26 сәуірде тапсырған;
6. Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы: «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 26 сәуірде тапсырған;
7. Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы: «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 27 сәуірде тапсырған;
8. Ерғалиев Талғат Файзуллаұлы: «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 27 сәуірде тапсырған;
9. Жұматай Әлиев: «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 28 сәуірде тапсырған. Алайда, 29 сәуірде «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі атынан кандидат ретінде ұсынылған Талғат Ерғалиев саяси додаға қатыспайтындығын мәлімдеді.
2 мамырда ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Себебі лингвистикалық комиссия Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі жөнінде шешім қабылдаған еді.
Осылайша, бүгін еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған 9 үміткердің 7-еуін сайлау заңнамасы талаптарына сай деп таныды.
Сонымен 3 мамыр күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сәді-Бек Түгелді ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.
4 мамырда Амангелді Таспихов пен Дания Еспаева.
Aл 6 мамырда Төлеутай Рахымбеков, Жамбыл Ахметбеков және Әміржан Қосанов кандидат ретінде тіркелді.
ҚР Президентігіне үміткерлердің барлығына арнайы куәліктер берілді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ҚР Президенттігіне тіркелген барлық кандидаттар ҚР Конституциясындағы және «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңдағы талаптарға толықтай сай келеді.