Парламент каникулға кетті. Бүгін Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды. Мәжіліс төрағасы өз сөзінде биыл қаңтар айында өткен кезекті Парламент сайлауы елімізде демократияны одан әрі нығайтуға, қоғамдық ынтымақтастықты күшейтуге және саяси жаңғыртуға жаңа серпін бергенін атап өтті. Осы сайлау нәтижесінде Мәжіліс құрамы 70 пайызға жаңарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бүкіл әлемге тараған коронавирус індеті Қазақстанды да орын алды. Соңғы бір жылдан астам уақыттан бері еліміз пандемия салдарымен күрес жүргізіп келеді. Елдегі жағдай баршамыздың өмірімізге, жұмысымызға көптеген өзгерістер әкелсе де, Парламент бір күнге де өз жұмысын тоқтатпады. Еліміздің технологиялық жетістіктерін пайдалана отырып, белсенді еңбек етті. Барлық жиын, жұмыс топтары, комитеттердің кеңейтілген отырыстары, жергілікті әрі халықаралық кездесулер көп жағдай онлайн форматта өтті», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, ол бюджетті тиімді пайдалануға қатаң бақылау жасайтынын айтты. Оның дерегінше, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд теңге қаралса, 140 млрд теңге қаржы републикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге бағытталған. «Еңбекпен қамтудың жол картасы» аясында 100 млрд-қа жуық теңге, «Ауыл – ел бесігі!» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд теңге бөлініпті. Ал, коронавирус індетіне қарсы күреске бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қаралған.