Алматыда мүмкіндігі шектеулі 35 мыңнан аса жандарға дауыс беруге жағдай жасалды

Алматыда мүмкіндігі шектеулі 35 мыңнан аса жандарға дауыс беруге жағдай жасалды
Денсаулығына байланысты жол көтере алмайтын қарт кісілер мен Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне дауыс беру жәшігі үйлеріне жеткізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының сайлау учаскелерінде қазіргі таңда 540 алаңда көзі нашар көретін, құлағы нашар еститін және арбаға таңылғандар үшін дауыс беруге бар мүмкіндік жасалып отыр. Бүгін осылай деп қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрын олар үшін көмекшілер жалданатын болған. Енді олар арнайы кабинада дауыс беретін болады. Жалпы, бүгін таңнан кешке дейін 35 мыңнан аса кембағал өз таңдауларын жасайды деп болжануда.

«Былтырғы заңға кіргізілген өзгерістерге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бірсыпыра жағдайлар жасалып жатыр. Оның бірі ғимараттардың кіреберіс жақтарының бәріне пандус қойылған. Оған қоса, дауыс беру мекенжайында арнайы құрал-жабдықтар болады», – дейді Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна АСАНОВА.

«Бізге келген ерекше қажеттілігі бар адамдар қиналмайды. Өйткені, оған бар жағдай қарастырылған. Көзі көрмейтіндерге, қол арбамен жүретіндерге арнайы мүмкіндік туғызып, құлағы естімейтіндерге онлайн сурдоаударма жасап қойыпты», – дейді Қазақстан мүгедектері ұйымдары одағының төрағасы Әли АМАНБАЕВ.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлау учаскелеріне жету үшін инватакси қызметі көмекке келеді. Ал денсаулығына байланысты жол көтере алмайтын қарт кісілер мен Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне дауыс беру жәшігі үйлеріне жеткізіледі.

Новости партнеров