Бүгін АӨСШК қоры құрылады. Бұл туралы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«АӨСШК талдау орталықтарының форумы тәжірибемен және идеялармен алмасу, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру үшін Азияның түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен мамандар үшін әмбебап платформа ретінде қызмет ететін болады. Биыл Астанада АӨСШК Іскерлік кеңесі мен бизнес-форумы, сондай-ақ АӨСШК Жастар кеңесінің бесінші отырысы өтті. Бүгін АӨСШК қоры құрылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президентінің атап өтуінше, аталған қордың мақсаты – АӨСШК жобаларын іріктеу және оларды іске асыруға ерікті қаражат жинау үшін арнайы тетік құру болмақ.
«Сондай-ақ, бақылаушылар мен серіктестердің саны артып келеді. АӨСШК бақылаушысы ретінде Түрікменстан қосылды. Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен ынтымақтастық орнату туралы шешімдер қабылданды», - деді Мемлекет басшысы.