Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанда су мәселесіне жауапты жаңа министрлік құруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq Unі сайтына сілтеме жасап.
Оның пікірінше, елімізде су ресурстарының потенциалы әлі толық зерттелмеген, бағаланбаған.
«Осыған байланысты Экология министрлігінде дайындалып жатқан су тұжырымдамасының горизонтын 2025 жылға дейін емес, 2030 жылға дейін ұзарту керек. Бұл құжатты дайындауға, талқылауға арнайы ғылыми зерттеу институттары мен мамандарды кеңінен тартқан жөн», - деді Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өтіп жатқан Парламанттік тыңдауда.
Депутат бүгінде су саласының бағыттарын басқару мен реттеу 3 министрлікке бөлініп берілгенін атап өтті.
"Тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып кетеді. Бақташы көп, нәтижесі мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Бұл мәселенің өзекті екенін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов атап өтті. Сондықтан су саласына жауапты және Қазақстан атынан халықаралық деңгейде келіссөздер жүргізетін тиісті министрлік құрудың уақыты келген сияқты", - деді ол.