|
10.06.2019 | 12:15
2938

9 миллион халықтың 6 миллионы Тоқаевқа дауыс берген

Бұл 70,76 пайызды құрайды.

9 миллион халықтың 6 миллионы Тоқаевқа дауыс берген фото из открытых источников

Орталық сайлау комиссиясы елдегі саяси доданың алдын ала қорытындысын жариялады. Жеті кандидат та экзитпол нәтижесіне жақын дауысқа ие болған. Дауыс беру кезінде кей жерлерде сайлау ережелері бұзылған. Комиссия өкілдері оны жасырмайтынын, әйтсе де жалпы дауыс санағына еш әсер етпегенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Түнде шыққан экзитпол нәтижесі бүгін өзгерді. Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Бүкіл ел бойынша дауыс берген 9 миллион халықтың 6 миллионы сол кісінің кандидатурасын қолдаған. Бұл 70,76 пайызды құрайды.

Екінші орынға «Ұлт тағдыры» қозғалысының өкілі Әміржан Қосанов жайғасты. Ол 1 миллион 472 мың немесе сайлаушылардың 16 пайыздан астам дауыс жинаған. Қалған 5 үміткердің қанша дауыс жинай алғанын Орталық сайлау комиссиясының өкілдері түсіндірді.    

«Қазақстан Республикасы бойынша Жамбыл Ахметбеков 167 мың 249 немесе 1,83 пайыз дауыс жинаған, Дания Еспаева – 478 мыңнан астам немесе 5,2 пайыз, Төлеутай Рахымбеков – 294 мың 271 немесе 3,2 пайыз, Амангелді Таспихов – 2,07 пайызға тең  немесе 190 304 дауыс, ал Сәді-Бек Түгел 84 348 немесе 0,92 пайыз дауыс жинады»,  – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин ПЕТРОВ.

Шетелден келген бақылаушылар сайлаудың деңгейіне, ұйымдастырылуына түрлі баға беріп жатыр. ТМД-дан келген 400-ден астам маман бұл саяси шараның дұрыс өткендігіне көз жеткізді. 9 миллион дауыс беруші арасында 10-нан астам ғана ереже бұзу жағдайының орын алуы түк те емес дейді олар.

«Біз Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін ТМД-ның 8 елінен 432 адам келдік. Республиканың барлық облыстарында, 3812 сайлау учаскесінде болдық. Соның қорытындысы бойынша, бірауыздан Қазақстандағы сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды және еркін ахуалда өтті деген қорытындыға келдік. Сайлау Конституцияға және Конституциялық заңға,  сондай-ақ демократия талаптарына сәйкес өтті», –  деді ТМД атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшы  Сергей ЛЕБЕДЕВ

Ал, Орталық сайлау комиссиясы заң бұзу әрекеттері мен шағымдардың болғанын жасырмайды. Мысалы, сайлау күні 18 шағым тіркелген. Оның көбісі дауыс беру орнын білмеуіне, өзге жерде жүріп, қолында есептен шығару куәлігі болмаса да, сайлауға қатысуға өтініш білдіруге байланысты туындаған жағдайлар.  Ал Бас прокуратура 19 әкімшілік құқық бұзушылық фактісін анықтаған. Кейбір жерлерде комиссия бөтен біреудің атынан дауыс беруге тырысқан немесе азаматтардың сайлау құқығын бұзған. Бірақ комиссия мамандары дауыс санау кезінде ешқандай келеңсіздік болмағанын айтады.

«Бүгінде Орталық не аймақтық сайлау учаскелеріне дауыс санау жайында ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Біз барлығын бақылап отырмыз», – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш БАЙМОЛДИНА.

Естеріңізге сала кетейік, кеше таңғы 07.00-ден кешке 20:00-ге дейін елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Ел тізгінін ұстауға 7кандидат үміткер болды. Дауыс беруге құқылы 11 миллион азаматтың 9 миллионнан астамы немесе 77,4 пайызы сайлау учаскелеріне өз таңдауын жасауға келген.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир