|
02.05.2020 | 12:28
1954

Мемлекет басшысы «МИР» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында Қазақстанның халықаралық саясатқа қатысты ұстанымдары мен ЕАЭО болашағы туралы пікір білдірді

Мемлекет басшысы «МИР» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді ҚР Президенті Әкімшілігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «МИР» телеарнасына берген сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты пікір білдірді.

«Өкінішке қарай, дағдарыс кезінде ішкі нарықтарда жаңа кедергілер пайда болады. Қазіргі кезеңде одан қашып құтыла да алмайтын сияқтымыз. Бірақ олардың уақытша екені және қарым-қатынастарымыздың нормасына айналмауы маңызды. Бірлескен жобаларды қаржыландыру үшін біріккен жобамыз - Еуразиялық даму банкінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет. Әсіресе, постдағдарыс кезеңінде», - деді ҚР Президенті сұхбатта.

Қасым-Жомарт Кемелұлы одақ аясында капиталды ілгерілету, қызметтер, жұмыс күші, және сауда еркіндігі бар екеніне баса назар аудартты.

Сонымен қатар, Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі және эконимикалық серіктесі саналатын Қытай Халық Республикасымен жаңа өзара тиімді қарым-қатынас құру жайына кеңінен тоқталды.


«Қазақстан үшін Қытай нарығы үлкен мүмкіндік береді. Біздің шығыстағы көршіміз Қазақстанның экологиялық таза азық-түлік өнімдерін үлкен сұраныспен пайдаланады. Бұған қоса, біз Қытайды Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің нарығына тауарларымызды шығару үшін транзиттік аймақ ретінде қарастырамыз. Қытайдан тауарлар теңіз жолы арқылы Еуропаға 40 және одан да көп күнде жеткізіледі. Ал Қазақстан мен Ресей арқылы құрлық жолымен не бәрі 15 күнде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ, Президент Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайға пікір білдіріп, жаһандық ойыншылар арасындағы бәсекелестік, тарихтың күрделі кезеңдерін түсіндіру мен шекара айналасындағы даулар, сондай-ақ қазіргі әлемдегі пандемияның таралу қаупі мен осы індеттің кері салдары және өзге де факторлар тұрақсыздық туындатып отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі туралы, Ұлы Жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі жайлы да айтып берді.

«Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды. Ерте жетім қалды. Балалар үйінде, содан кейін интернатта тәрбиеленді. Көп уақыт өтпей соғыс басталды. Соғыс ол үшін тағы да батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көп қиындықты басынан өткерді, оның үрейлі сынағынан өтті. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді. Әйтсе де әкем басқа майдангерлер сияқты соғыс туралы, әсіресе өзінің ерлігі мен марапаттары туралы айтуды ұнатпайтын. Өзінің сезімі, жаумен алғаш бетпе-бет келуі, жауынгерлердің ерлігі, батырлығы және Жеңіспен үйге оралуы жайлы өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты өмірбаяндық кітабында айтып берді», - деп еске алды Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир