Орталық сайлау комиссиясы 22-ші халықаралық байқаушыны тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы 22-ші халықаралық байқаушыны тіркеді
Жалпы, елімізде 28 шетелдік БАҚ-тың 94 журналисі тұрақты негізде аккредиттелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардан бақылаушыларды аккредиттеу туралы қаулы бүгінгі комиссия отырысында қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан ұсынылған өкілдер. Осылайша бүгінге дейін тіркелген байқаушылардың саны 67 адамға жетіп отыр.

«6 мамырда өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында 45 байқаушыны аккредиттеуден өткізгенбіз. Олар ТМД, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясы, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттары және Адам құқықтары жөніндегі бюросы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді төрт халықаралық ұйым өкілдері болып отыр. Енді бүгін ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және Адам құқықтары жөніндегі бюросынан 22 адамнан аккредиттеуге ұсыным келіп түсті», – дейді ҚР Орталық Сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш БАЙМОЛДИНА.

Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары 3 маусым күні сағат 18.00-ге дейін тіркеле алады. Сондай-ақ комиссия мүшесі шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу жөнінде де сөз қозғады. Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігіне 25 шетелдік БАҚ-тан 66 өтінім келіп түскен. Әзірге олардың тең жартысы тіркелген. Жалпы, елімізде 28 шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 94 журналисі тұрақты негізде аккредиттелген екен.

Новости партнеров