Сенатор Дәурен Әділбеков еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда ол ел бюджетінің кірістерін қалай арттыруға болатындығы туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almay.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сенатор мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компанияларға салық мөлшерін арттыру бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтудың бір тәсілі бола алатынын атап өтті. Қазір олардың салық жүктемесі 8-9%-дан аспайды. Ал бұл іс жүзінде шикізаттық емес секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жүктемесіне тең. Басқа елдерде орны толмайтын табиғи қорлар үшін жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу 25%-ға жетуі мүмкін. Сенатор тау-кен металлургия секторындағы экономикалық жағдай қазір дағдарысқа дейінгі деңгейге оралды, деп атап өтті. Лондон түсті металдар биржасының мәліметтері бойынша, өткен жылы алтынның бағасы 40,6%-ға, күміс - 71%-ға, темір рудасы - 110%-ға өсті, ал мыс үштен бір есе қымбаттады. Сонымен бірге осындай компаниялардың кірісі де өсуде.
«Тау-кен секторындағы жер қойнауын пайдаланушыларға биржалық негізгі экспорттық позициядағы қатты пайдалы қазбаның ПҚӨС (пайдалы қазбаларды өндіру салығы) мөлшерін шамамен 1,5-2 есеге ұлғайту арқылы салық жүктемесі ұлғаюы тиіс деп есептейміз. Бұл шара ПҚӨС бойынша қосымша түсімдерді шамамен 200 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тау-кен металлургия кешенінің маржиналдығы жоғары екенін атап өткен жөн. Тек 2017-2018 жылдары жарияланған қаржылық есептерге сәйкес, аталған сектор шетелге жалпы сомасы 3 трлн теңгеге жуық дивиденд төледі», - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор шетелдіктерге төленетін осындай дивидендтерден салық жинау жүйесін өзгертуді ұсынды. Қазір Қазақстан резидент еместерді біздің елімізде пайдалы қазбаны өндіру есебінен алынған дивидендтердің бір бөлігіне салық төлеуге міндеттемейді. Сенатордың айтуынша, дамушы елдердің көпшілігі резидент еместерге төленген дивидендтерді салық салудан босатпайды.
«Қазақстан Республикасы ратификациялаған барлық конвенциялардың ережелерінде резидент еместерге дивидендтер түрінде табыс төлеу кезінде Қазақстан Республикасына салық салуға басым құқық көзделгендіктен, девидендтен салық салудан босату жөніндегі жеңілдікті алып тастауды орынды деп санаймыз», - деді Дәурен Әбілбеков.
Депутаттың пікірінше, Қазақстан Республикасының тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылаудан босату жөніндегі жеңілдіктерді алып тастау да бюджет кірісін ұлғайтуы тиіс.