Шағын бизнеске қойылған 7 мыңнан астам талап керексіз болып шықты. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр шағын және орта бизнесті қолдау үшін жасалып жатқан мемлекеттік шараларға тоқталды.
Оның айтуынша, қазір моноқалалар мен ауылдарда 5% жеңілдікпен несие беру бастамасы іске қосылған. Ал, биылдан бастап, бизнесті реттеу үшін жаңа шешімдер енгізіліп жатыр.
«Бизнеске қойылатын артық талаптарды ауқымды түрде түгендей бастадық. Қазір керексіз 7 мыңнан астам талап анықталды, олардың күші жойылады», - деп хабарлады Смайылов.
Сонымен қатар, премьер-министр атап өткендей, мемлекеттік бақылау жүйесін реформалаудың жаңа сатысы басталған. Яғни, үкімет бизнесті тексеруден қарағанда тәуекелдерді басқарудың автоматты жүйесін енгізе отырып, сол тәуекелдердің алдын алу тиімді болады деген шешім қабылдап отыр.
«Бұл жұмыс келесі жылдың бірінші жарты жылдығында, шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге жарияланған мораторий мерзімі тоқтағанша аяқталу керек», - деді Смайылов.