Әскери міндеттілердің арнаулы жиыны заңға сәйкес 10 күннен 3 айға дейін созылуы мүмкін. Ал жергілікті атқарушы органдарға әскерилерді арнайы жиындарға шақырудың тәртібін еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv
«Әскери міндеттілер арасында жеткілікті адами қорымыз бар. Сондықтан денсаулығы нашар, ауыр тұрмыстық жағдайдағы немесе кішкентай баласы бар адамдар шақырылмайды. Бұл факторлардың барлығы міндетті түрде ескерілетін болады», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Осылайша қорғаныс министрі әскери жиыннан босатылатындарды тізді. Біріншіден, бұл Қорғаныс, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар. Екіншіден, мемлекеттік, азаматтық және эксперименталды авиация персоналы. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы саласында егін егу, жинау науқанында ауыл шаруашылығы техникасына жөндеу жасайтын мамандар. Төртіншіден, педагогикалық қызметкерлер, бесіншіден күндізгі ауысымда оқып жүрген студенттер босатылады. Одан бөлек, әскери міндетті әйелдер, кәмелет жасына толмаған үш және одан да көп баласы барлар, өзіне қатысты Қылмыстық заңнамамен процессуалдық қимылдар жүргізіліп жатқан тұлғалар, депутат болып тағайындалған әскери міндеттілер босатылады. Тағы да қайталап өтейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлық шығарған еді. Қазақстандықтар жекелеген өңірлерде медициналық қызмет, тасқынмен күрес және дезинфекция жұмыстарына шақырылмақ.