Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды
Мұның алдында Тоқаев кезектен тыс сайлау 9 маусымда өтетінін мәлімдеген еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының  3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалсын.

2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген хабарламада.

Мұның алдында Тоқаев кезектен тыс сайлау 9 маусымда өтетінін мәлімдеген еді.  

Еске салайық, 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Қазақстан Президенті міндетіне кіріскен болатын.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Конституция мен Қазақстан Республикасының заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқығы мен бостандығына кепіл беруге, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде жүктелген міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант беремін», - деген еді Тоқаев.


Новости партнеров