Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз резиденциясында елге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының басшысы Мун Чжэ Инді салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл екі басшы үшін де ерекше кездесу болды. Мун Чжэ Ин Қазақстанға бірінші рет келсе, Тоқаев Ақордада алғашқы президенттік қабылдау өткізді.
Мемлекет басшылары өзара қол алысып, сосын қазақстандық және кореялық делегациямен амандасты. Әнұран тыңдаған соң президенттер кездесуді шағын құрамда жалғастыруға кетті.
Айта кетсек, бұл - Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары.
Корея республикасының Президенті Мун Чжэ Ин мемлекеттік сапармен Қазақстан астанасына 21 сәуір күні келген еді. Сапар аясында Мун Чжэ Ин Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі деп жоспарлануда, Сондай-ақ, Қазақстан-Корея бизнес форумына қатыспақ. Бизнес форумға екі елдің іскер топтарынан 300-ден аса өкіл қатысады деп болжанып отыр.
Мун Чжэ Иннің Нұр-Сұлтанға сапары аясында бірқатар келісімдер мен Меморандумға қол қойылады деп жоспарлануда. Соның ішінде сотталғандарды беру туралы келісімшарт, жаңа технологиялар, инфрақұрылым, логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын жаңартылған ынтымақтастық бағдарламасы да бар.