Ақтөбеде 20 оқушы тамақтан уланып, ауруханаға түсті

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото
Мектептегі асхана жұмысы тоқтатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде №9 мектеп-гимназиясының оқушылары тамақтан уланып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

19 сәуір күні мектеп-гимназияның асханасынан тамақ ішкен оқушылар сол күні кешке ауруханаға түсе бастаған. Нәтижесінде 21 адамнан ішек инфекциясы анықталды. Оның 20-сы оқушы, біреуі - мұғалім.

«Бүгінде екі науқас ауруханада тиісті ем алып жатыр. Қалған 19 адамға алғашқы медициналық көмек беріліп, олар ата-аналарының қалауымен үйде емделеді. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Барлығы дәрігерлердің бақылауына алынды. Эпидемиологиялық сараптама кезінде сол күні уланғандардың бәрінің  мектеп асханасынан тамақ ішкендері анықталды. Ақтөбе қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы № 9 мектеп-гимназиясының асханасына жоспардан тыс зертханалық тексеру жүргізді. Тексеру барысында асханада жуылған ыдыстардың дұрыс кептірілмейтіні, ыдыс кептіретін арнайы құрылғының, шикі тағамдарды сақтайтын тоңазытқыш ішінде термометрдің жоқтығы, шикі тауық еті және тартылған балық өнімінің сапасын растайтын құжаттардың болмауы секілді талаптардың бұзылуы анықталды», - деді Ақтөбе қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айсәуле Оралбаева.

Сонымен қатар, тексеру барысында асхананы жалға алып отырған жеке кәсіпкер А.Наурызбаевтың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені анықталды.

Осы дерек бойынша № 9 мектеп-гимназиясының директорына тәртіптік шара қолдану үшін Ақтөбе қаласы әкіміне, қалалық білім бөліміне хат жолданады. Бүгінде асхана жұмысы тоқтатылды. Эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.  

Новости партнеров