Қазақстанда әйелдер мен жастардың Парламентке келуіне көп мүмкіндік берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы бүгін Сенаттың кезекті отырысында Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан мәлімдеді. Ол жаңа заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленгенін айтты. Заң жобалары мен партиялық сайлау кезеңдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 пайыз мөлшерінде квотаны енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылды.
«Жалпы бүгінгі таңда әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процессіне тең көзжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қолдануда. Сонымен қатар, мемлекет басшысы атап өткендей біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан да біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие», – деді ҚР Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья ПАН.
Сонымен қатар, саяси партия құру үшін бұдан былай оның құрамында 40 мың емес, 20 мың адам болса жеткілікті. Бұл елімізде көппартиялық жүйені қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді дейді Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан.