|
25.07.2022 | 14:00
5075

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады

Қос тарап жалпы құны 220 миллион доллар болатын 13 меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады Ақорда

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады. Бұл мақсатта қос тарап жалпы құны 220 миллион доллар болатын 13 меморандумға қол қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Джидда қаласында іскер топ өкілдерімен кездесіп, келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әңгіменің әлқисасы алдымен екі ел арасындағы экономикалық байланыстан басталды. Қазақстан мен Сауд Арабиясы қазір жаңғыру жолында. Мүдделі мақсаты бір. Шикізатқа тәуелділікті төмендетуге, адами капиталға инвестиция салуға, дамыған елдердің қатарына кіруге ниетті. Бұл ретте Президент сауда-саттыққа күш салу қажеттігін айтты.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан араб түбегіне көптеген тауар түрін шығаруға қауқарлы. Алыс-берісті көбейтуге жолдың қашықтығы кедергі. Қос ел арасындағы сауда-саттықты ұлғайту үшін жүк таситын тікелей әуе рейстері ашылмақ. Әрі Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолы арқылы да бізден тұтас араб әлеміне тауар жіберіледі. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан Корольдікке ауылшаруашылық өнімдерін де жеткізуге дайын екенін айтты.

«Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде жоспары бар.

«Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын», – деді Мемлекет басшысы.

Жиында бас-аяғы 13 меморандум бекіді. Құжаттардың жалпы құны 220 млн долларға жуықтайды. Оның 200 млн-ы - инвестиция. Маңызды құжаттың бірі - энергетика қауіпсіздігіне қатысты. Арабтар Алматы облысы мен Шығыс Қазақстанда гидроэнергетикалық станса салуға ниетті. «Аква Пауэр» компаниясы ұсынған жоба құны - 1 миллиард доллардан асады.

Камшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир