Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзету енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ауыл шаруашылығын дамыту барысында жер қатынастары маңызды рөл атқаратыны белгілі. Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай жер жөніндегі комиссияның жұмысын жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануы тиіс. Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқылануда.