|
29.09.2023 | 14:38
2859

Тоқаев Қазақстанның геосаяси мәселесіне қатысты ұстанымын жеткізді

Президент қарулы қақтығыстан еш пайда жоқ екенін баса айтты

Тоқаев Қазақстанның геосаяси мәселесіне қатысты ұстанымын жеткізді Ақорда

Қазақстан Ресейге қарсы салынған санкцияларды айналып өтуге көмектеспейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары аясында Қазақстанның геосаяси мәселелерге қатысты ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары аясында арнайы брифинг өткізіп, журналистердің сұрағына жауап берді. Еуропадағы әріптестер Мемлекет басшысынан Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс туралы сұрады. Президент қарулы қақтығыстан еш пайда жоқ екенін баса айтты. Сонымен қатар санкциялық текетірес те кері әсерін беретінін жеткізді.

– Украинадағы қақтығыстарға келсек, Қазақстан мұндай шиеленістің тоқтауын қалайды. БҰҰ-ның жарғысына сәйкес, бейбіт түрде келісімге келу керек деп есептеймін. Ресей мен Украина тараптары келіссөз жүргізуге дайын екендерін айтып жатыр. Бірақ мұндай кездесудің платформасы қандай болатыны белгісіз, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери іс-қимылды дипломатиялық жолмен шешу керек екенін Еуропа елдерінің алдында тағы бір рет айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге тырысып жатқан өзге мемлекеттерді де қолдайтынын жеткізді. Брифинг барысында Ресейден Қазақстанға қауіп бар ма деген сауал қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев көрші мемлекеттен қауіптің жоғын айтып, шекара бойынша мәселелер туындамайды деп қысқа қайырды.

– Екі елдің шекарасына келсек, ол тәуелсіздік алған кезде бекітіліп қойған. Мемлекеттердің парламенті шегендеген шекара бойынша мәселе жоқ. Жерімізге қысым көрсету нұсқалары да қарастырылмайды. Себебі көрші елмен қарым-қатынас өте жақсы. Гуманитарлық, экономикалық байланыс ары қарай да жалғаса береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары аясында Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын нақты айтты. Сондықтан неміс тарапының оны айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күдігі болмауы тиіс екенін жеткізді.

Өмір Серікбекұлы, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир