Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур лекциясын оқыды. Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.
1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң.
Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті.
– Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер жөнінде айта келіп, «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсас екеніне назар аударды.
– Қос құжат та халықтың қамын бірінші орынға қояды және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанады. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. Былтыр экономикалық өсім 5,1 пайызға артты. Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвестициялық саясат және экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Оның пікірінше, географиялық алшақтыққа, жер көлемі мен тарихындағы айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Сингапурдың көптеген құндылықтары ортақ әрі ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
– Биыл қаңтар айында Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосты. Сингапурлықтар өздерін кішкентай ел санайтынын жақсы білемін. Алайда, менің ойымша, Сингапурдың қаржылық және экономикалық ықпалы, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды халықаралық теңіз жолдарының тоғысында орналасуы, 2024 жылғы Global Firepower есебі бойынша 145 елдің ішінде 30-орынға табан тіреуі бұл мемлекеттің орны әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса, стратегиялық ой-сана мен тиімді дипломатия Сингапурды Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көпірге айналдырды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур сияқты жаңадан пайда болған «орта державалардың» рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіпсіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударды.
– Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Қанша күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, адамзат жаңа әскери қақтығыстардың құрбанына айналады. Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін, – деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.
– Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бей-жай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал ету әрекетін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін, сондай-ақ жақында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін мысал ретінде атап өтті.
Мемлекет басшысы түрлі жаһандық түйткілдерді шешу ісіне Сингапур дипломатиясының елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
– Сингапур 2015 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Тайванның бұрынғы Президенті Ма Инцзю арасындағы бүкіл әлем көз тіккен кездесуді және АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи саммитті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз, – деді Президент.
Әйтсе де Мемлекет басшысы тиімді жұмыс істейтін көпжақты ынтымақтастық жүйесін дауларды бейбіт жолмен шешуге тырысқан ешқандай «ізгі амал» алмастыра алмайды деп санайды.
– Біз соғысты тоқтатуға тырысқаннан гөрі, оның алдын алуға тиіспіз. Ондаған жылдар бұрын біз Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жылымық кезеңді соншалықты үмітпен қарсы алдық, мүмкіндіктер мен өркениет жетістіктеріне толы келешекті көзімізге елестеттік. Алайда бүгінгі қара бұлттай үйірілген қауіп-қатер мен тұла бойыңды тітіркендіретін мазасыздық сезімі осы сәулелі ойға көлеңке түсіргендей көрінеді. Көпжақты институттардың абырой-беделін қалпына келтіріп, мультилатерализмге тың серпін беру үшін оларды жаңғыртқан жөн. Оны көптен бері пісіп-жетілген БҰҰ реформасынан бастау керек. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбейінше, біз бұл міндетті орындай алмаймыз. Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын әрі адамзат баласының басым бөлігінің мүддесімен сай келетін уақыт талабы. Орта державалар мен дамушы елдердің Кеңестегі үні анық естілуі қажет. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.
Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айында өтетін БҰҰ-ның Келешек саммиті қарсаңында әлемдік қоғамдастықты өзара кеңесу және инклюзивтілік қағидаттарына негізделген көпжақты ұстаным туралы ойлануға үндеді.
– Қазақстан көпжақты ұстанымға бейіл екенін білдіруге қашанда әзір. Биыл біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі Ислам ұйымы және Халықаралық Аралды құтқару қоры секілді алты халықаралық құрылымға төрағалық етеміз. Жаһандық басқару жүйесінің осал тұстары айдай анық, ол ешкімге құпия емес. СOVID-19 пандемиясы елдердің ортақ проблеманы еңсеру үшін «қабырға тұрғызбай, көпір салуы» қажет екенін көрсетті. Осы түйткілдердің ішіндегі ең қорқыныштысы – ядролық қатер. Қазақстан – ядролық қарудан әбден зардап шеккен ел. Осы себепті біз ядролық қарудан ада әлем үшін күресімізді тоқтатпаймыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көпұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстан мен Сингапурдың ұтымды тұсы саналады.
– Былтыр қыркүйек айында «The Jerusalem Post» басылымында «Діндер көшбасшылары бүкіл әлемде бейбітшілік орнауына ықпал ете алады» деген мақалам жарық көрді. Бейбітшілік мәдениеті тек бірлігіміз әралуандықта және өзара құрмет қағидаларына ғана негізделе алады. Бұл ретте Қазақстан бастамасымен ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезі диалогты дамыту және ортақ құндылықтарды насихаттау үшін бірегей алаңға айналды. Біз Сингапурдың Бірлігі жарасқан қоғам халықаралық конференциясын өткізу жөніндегі бастамасын (ICCS) құптаймыз. 2022 жылы сәуір айында мен Медиативті келісімдер туралы Сингапур конвенциясын ратификациялаған Заңға қол қойдым. Бұл трансшекаралық мойындау процесінің тиімділігін арттырады және бітімгерлік реттеу туралы келісімнің орындалуын қамтамасыз етеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур көптеген салада өзара тиімді ықпалдастық жасай алады деп санайды. Климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттері осы санатқа жатады.
– Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу бастамасы бұл мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алар еді. Біз сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуді жоспарлап отырмыз. Климат дағдарысына себепші болатын да, алдымен оның зардабын тартатын да – су саласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы ретінде көшбасшылық танытқаны үшін Президент Тарман Шанмугаратнамға ризашылығымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ конференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Орталық Азия және АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы пікір білдірді.
– Бүкіл жетекші державалармен тату қарым-қатынас жасайтын Орталық Азия елдері зор мүмкіндіктерге ие. Жас әрі қуатты халық, қалыптасып келе жатқан орта тап, табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарының байлығы, транзит әлеуеті өсім үшін берік негіз қалайды. Аймақтың экономикасы қарқынды дамыса, оның стратегиялық маңызы да арта түседі. Орталық Азия елдерінің жыл сайынғы консультативтік кеңесі, Ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағы және Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы қарым-қатынастар өңіріміздің дербес ынтымақтастық құруға қабілетті екенін көрсетеді. Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мен барша серіктестерімді бізге осы тұрғыдан қарауға шақырамын. Менің ойымша, Сингапурдың АСЕАН кеңістігінде ашық әрі инклюзивті аймақтық архитектураны құруды көздейтін «өзара тоғысатын достар ортасы» ұғымы – Орталық Азия үшін де өте өзекті. Дәл сол себепті Орталық Азия С5+ ынтымақтастық тетігін құру бастамасын көтерді. Біз өзекті өңірлік міндеттерді шешу үшін барша мүдделі тараппен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, өзара сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.
Дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстарды реттеу, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орта державалардың рөлі, Қазақстан мен Сингапурдың ынтымақтастығын дамыту перспективасы туралы бірқатар сұраққа жауап берді.
Оқи отырыңыз: Алматыда әлемнің жетекші дәрігерлері бас қосты