Мемлекет басшысы Үкіметке қаржы секторын проблемалы банктерден тазартып, қызметтен кетуді айтты деп хабарлайды Almaty.tv.
Ең көп сынның астында қалған бас банкир Данияр Ақышев болды. Елбасы Ұлттық банк төрағасын проблемалы қарыздар үшін сөкті. Нұрсұлтан Назарбаев акционерлердің өз банктерінен ақша жымқырып, шетелге алып кетіп жатқан бассыздығын алға тартты.
«Қаржы жүйесі... Банктер ашылады. Адамдар сенеді, ақшасын әкеледі. Онда квазимемлекеттік сектор ақшасын салады, ал кейін акционерлер ол ақшаны жымқыра бастайды. Қашып кетеді, содан соң біз солардың соңынан жүреміз... Данияр, басыңмен жауап бересің. Акционерлердің ақша ұрламауын бақылып отыру қажет. Біз мұнда не үшін отырмыз? Экономиканы банкроттардан тазартпайынша, ештеңе де дұрыс дамымайды. Неден қорқамыз? Банкроттық институты нарықтық елдерде ең көп кездеседі. Сендер министрлер емес, қорқақсыздар! Шешім қабылдағанда аяқ-қолдарыңыз дірілдейді. Барлық банкті тазартып беріңіздерші, сонда Үкімет өзінің қызметін адал атқарады деп санаймын. Содан кейін отсавкаға кетіңіздер. Сонда ғана жұмыс болады», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Данияр Ақышев қаржы секторы әлсіз банктерден тазарту басталып кеткенін айтып ақталды. Анықталғаны, соңғы он жылда қаржы мекемелері алған несие 5 жарым триллион теңгеге жетіп, 70 пайызға ұлғайған. Осы уақытта жеті банкті жойып, екеуін оңалтудың есебінен 5 триллион теңгеге жуық қаржы есептен шығарылған. Яғни, несие алғандар қарыздарын қайтармаған. Қаржы институттары берешектерді қайта құрылымдап, шарттарды өзгертуге тырысқанымен, олар біртіндеп проблемаға айнала бастаған деді бас банкир.
«Біз статистиканы қарадық. Несиелерін қайтармаған көптеген кәсіпорын жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл әсіресе, шағын бизнеске қатысты. Көбі ауқатсыз, өзінің капиталы жоқ. Олар жаңа арзан несие талап етеді. Барлығы дерлік қайта несиелендірілді. Қарыздары өсіп жатыр», – деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.
«Бұл олқылық біздің тарапымыздан болып отыр. Өйткені, шығынға батқан компанияларға қаржы бөлмеу керек еді, олар ол қаржыны құмға сіңген судай жоқ қылды. Екінші деңгейлі банктер мен Үкімет осыған көңіл бөліп, ақша сұрағанның бәріне қаржы бөлмеуі тиіс еді. Ал онсыз да несиесін қайтара алмай отырған компанияға қайта субсидия бермек керек еді. Бұл сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі», – деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.