Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма – Тоқаев Смайыловқа сұрақ қойды

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Тоқаев елдегі экономикалық мәселелерді шешу үкімет мүшелерінің, әкімдер мен ұлттық компания басшыларының тікелей міндеті екенін атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысының соңында ел премьер-министрінен шынайы жауап сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесуде Тоқаев елдегі экономикалық мәселелерді шешу үкімет мүшелерінің, әкімдер мен ұлттық компания басшыларының тікелей міндеті екенін атап өтті.

"Үкіметтің негізгі міндеті - еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл - Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының премьер-министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында өте күрделі міндеттер тұрғанын және үкімет реформалар үдерісінен тыс қалмауы керектігін айтты.

"Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек. Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтеді. Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша Үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын. Халқымыздың игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Новости партнеров