Мемлекет басшысы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановты қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қауымдастықтың былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндалды.
"Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Тоғызқұмалақ және Асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінің федерациялары қауымдастық аясына біріктірілді. Сонымен қатар ұлттық спорттың дамуына сараптама жасалып, жеке-жеке респубикалық федерациялармен институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізіле бастады",– деді Исламбек Салжанов.
2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
"V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет",–деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ұлттық спорт түрлерінің даму тұжырымдамасын әзірлеу қажет екенін және ат спорты ойындарындағы қауіпсіздік мәселесін қарастыруды тапсырды.